Аптадағы маңызды жаңалықтар

Солтүстікқазақстандықтар Наурыз мейрамын тойлады

 

 

 

 Наурыз – жыл басы. Күн мен түннің теңеліп, табиғаттың оянар шағы. Бұл күні мереке қылып, ет асып, түрлі тағамдар әзірлеу дәстүрге айналған. Осы жолы да солтүстікқазақстандықтар Ұлыстың Ұлы күнін бар салтанатымен тойлауда. Күн жылып, қар еріп, көңілденетін кез де дәл осы күн. Ұлыстың Ұлы күні жалпы халыққа бірдей думанға айналып отыр. Таң сәріден бастап қала тұрғындары мен қонақтары алаңға жиналып, қолөнер, сурет көрмелерін тамашалады. Әзірленген тағамдардан ауыз тиді. Көктемнің шуақты мерекесімен жиылған қауымды облыс әкімі Серік Біләлов құттықтады.

Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
– Қазақстан тәуелсіздік жылдары Н.Ә.Назарбаевтың кемел саясатының арқасында үлкен жетістіктерге жетті. Бірлік пен ынтымақтықтың нәтижесінде еліміз талай белестерді бағындырып, әлемге әйгілі болды.Елімізде болып жатқан оң өзгерістерге жерлестеріміздің қосқан үлестері өте зор. Наурыз мейрамы өңіріміздегі игі істердің бастамасы болады деген сенімдемін. Наурыз мейрамы құтты болсын!

Бұл күні М.Жұмабаев көшесі шағын бір ауылға айналғандай. Әр аудан киіз үй құрып, өз жетістіктерінің көрмесін әзірлепті. Өңір жетекшісі қонақжай үй иелерін аралады. Баршасы мол дастархан жайып, әсем әнмен қарсы алды. Әр дастархан ет, құймақ, ақтан жасалған түрлі тағамдарға толы. Ал аудан өкілдерінің әзірлеген мерекелік бағдарламалары оған ерекше көрік бере түсті. Шығыс халқының ортақ мейрамын тойлауға жиылған жұртшылықтың көңілі көтеріңкі. Бір-біріне молшылық пен табыс тілеп, дастарқан аққа толсын, шаңырағымызға ырыс, басымызға бақ қонсын деген баталарын білдірді.

-Наурыз құтты болсын. Молшылық, береке болсын.
-Наурыз мерекесі өте қуанышты. Барша халықты осы мерекемен құттықтаймын.
-Ұлыстың ұлы күні баршамызға құтты болсын.

Сәуле Сәрсекеева облыс орталығына Аққайың ауданынан келіпті. Наурыз мейрамын бар сән-салтанатымен қарсы алсаң, жыл бойы молшылыққа кенелесің дейді ол. Сондықтан Ұлыстың Ұлы күніне барынша дайындалатын көрінеді.

Сәуле Сәрсекеева:
-Наурызда отбасымызға кең дастархан жаямыз. Ет, наурыз-көже әзірлейміз.

Табиғат, жер-дүниенің жаңарып, жасанатын көктем мезгілінің ұлы мерекесінде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері де бай дастархан жайды. Түрлі ұлт өкілдерінің тағамдарынан облыс әкімі де дәм татты.  Орталық алаңға келушілердің бірі – күресіп, күш сынасса, өзгелері – дәмді тағамдар әзірленіп жатқан қазан басында, 1 жарым метрлік мерекелік торттан дәм татамын деушілер де аз болмады. Бір сөзбен, әркім өзінің жанына жақын іс тапты. Түрлі ұлт өкілдерінің адамдары ортақ шаңырақ астында, мейрамды жайдары көңіл-күйде қарсы алды.

 

– Қазақстан – ортақ шаңырағымыз. Баршамыз бақытты өмір сүрудеміз. Наурыз құтты болсын.
– Өте көңілді өтіп жатыр. Наурыз мерекесімен құттықтағым келеді.

Осылайша, Ұлыстың Ұлы күнінде ізгі тілектер түрлі ұлттардың тілінде төгілді.

Инеш Шоқақова