Қоғам

Қаланың орталық алаңындағы Наурыз тойы

 

 

Ет, қазы-қарта мен жал-жая, сары домалақ бауырсақтар мен өзге де ұлт өкілдерінің дәмді тағамдары. Мұның бәрін наурыз мейрамына орай Қазақстан халқы ассамблеясына біріккен этно-мәдени орталықтардың өкілдері әзірлеген. Дастарқанды толтырған дәмнен қазылар ауыз тиіп, өз бағаларын берді.

Сайран Хамзин, СҚО рестораторлар мен отельерлер ассоциацисының төрағасы:
– Бүгінде Қазақстанда 120-дан астам ұлт өкілдері тұрады. Олар өздерінің мәдениеті мен салт-дәстүрлерін сақтап қана қоймай, ұлттық асханасын дамытуда. Бүгін кәсіби рестораторлар мен технологтардан тұратын әділ қазылар мәдени орталықтар дайындаған ас мәзірлерін бағалаймыз.

«Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар,ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» дейді халық даналығы.Ырыс-береке мен молшылықтан сыр шертетін қазан толы палау мерекелік дастарханның көркін аша түскендей.  Алып қазандағы палау 600 адамға жетеді. Ал оны дайындау үшін 500 келі сәбіз, 20 кг май мен 20 кг қой еті жұмсалыпты. «Сомониён-север» тәжік орталығы палаудан бөлек мерекеге арнап өзге де дәстүрлі тағамдарын әзірлеген. Сонымен қатар, мәдени орталық отбасылық үлгідегі балалар үйінің тәрбиеленушілерін тосын сыйларымен қуантты.

Анатолий Корольков:
Маған бүгін спорттық аяқ киім сыйлады. Енді мен спортпен айналысатын боламын. Сонымен қатар, бізге тәтті тағамдар берді. Бәріне көп рахмет.

Астың дайындалу сапасын бақылайтын комиссия мүшелері келесі кезекте «Түрік мәдениеті»қоғамдық бірлестігінің мәзірімен танысты. Дастарханның барынша мол жайылуы жылдың ырыс пен берекеге толы болуымен байланыстырылады дейді түрік қоғамдастығының өкілдері

  Шахин Сарысой, «Түрік мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің мүшесі:
Невруз байрамы құтты болсын! Біздің елімізде болған Наурыз бейрамымызда осындай тамақтар әзірлейміз. От жағамыз, одан секіріп, би билейміз. Соңында құттықтаймыз Турцияда.

Ал «Urpaq» қазақ мәдени-ағарту орталығының дастарқанына ет пен қымыз қойылды. Қала тұрғындары мен қонақтары мерекенің басты тағамы – Наурыз көженің де дәмін тата алды.

Әсел Смайылова,  «Uqpaq» қазақ мәдени-ағарту орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі:
Ұлыстың ұлы мерекесі – наурыз мейрамына өзіміздің «Қазақ тілі» қоғамы атынан дастархан әзірлеп, өзіміздің салт-дәстүрлерімізді көрсеткелі жатырмыз. Оған қазақта жеті саны қасиетті сан болып саналады. Сондықтан ең бірінші Наурыз көжемізді жеті дәнді дақылдардан жасалады.

Әділқазылар сынға түскендердің арасынан ең үздігін анықтау қиынның қиыны дейді. Қай орталық болмасын өзінше жақсы дайындалыпты. Сондықтан да олардың әрқайсысы жоғары баға лайық.

Светлана Малхасян, «Кентрон» мәдени орталығының мүшесі:
Бүгінгі фестивальға бәрі де өте жақсы дайындалыпты. Біріне-бірі ұқсамайтын тағамдар көздің жауын алады. Сондықтан оларды бағалау оңай емес. Дегенмен тәжік орталығының тағамдары өте дәмді дайындалған.

Жер-дүниенің жаңарып, күн мен түннің теңелетін шағы – Наурыз мейрамын халқымыз ерекше қуанышпен қарсы алады. Бір-біріне жақсы тілек тілеген қызылжарлықтар да Ұлыстың Ұлы күнін барынша думанды етіп тойлауда. Жергілікті өнер ұжымдарының қатысуымен өткен мерекелік концертте наурыз жыры айтылды. Келін түсіріп, беташар айту сынды салт-дәстүр көріністері де мерекенің көрігін қыздыра түсті. Ал орталық алаңның бір бөлігінде  бозбалалар қап аударысып, арқан тартысып күш сынасуда. Ұлыстың ұлы мерекесін бірге тойлауға жиылған халықта есеп болмады. Жаңару мерекесінде олар бір-біріне жылы лебіздері мен тілектерін айтып жатты.

Әспет Әбдірешова