Қоғам

Киіз үйлер байқауы

 

 

  
Баршаны  ізгілікке бастайтын, халқымызды ынтымаққа үндейтін ұлық мерекені еліміздегі барлық ұлттар ерекше ынта танытып, бар ықыласымен атап өтеді. Жылдағы дәстүр бойынша ұлыстың ұлы күнін тойлау үшін қалың жұртшылық Мағжан Жұмабаев алаңына жиналып, көктемнің сағындырып жеткен мейрамының көрігін қыздырды. Бұл жерде әр аудан әсем киіз үйлер тіккен. Олардың әрбірі ұлттық салт-дәстүрге сай безендірілген. Іші-сырты ерек көмкерілген киіз үйлердің ұлттық нақышта жабдықталуын әділ қазылар бағалады. Әр үйдің жанында әдет-ғұрпымызды насихаттайтын көрініс халыққа ұсынылып, ұлттық тағамдарға толы ақ дастархан жайылған. Қолданбалы қолөнер бұйымдарының көрмесі де көз қуантады.

Әдия Ахмет, қазылар алқасының мүшесі:
– Барлық киіз үйлерді қарап жатырмыз. Олардың іші-сырты қалай жабдықталғанын бағалаймыз. Сондай-ақ әр аудан салт-дәстүр көрсетеді.

Уәлиханов ауданы 2010 жылы киіз үйлер байқауында бас жүлдені жеңіп алған. Биыл да үлкен дайындықпен келіпті. Ежелгі тұрмыстық бұйымдар, ұлттық киімдер, ат әбзелдері мен қару-жарақ – барлығы халқымыздың бай мұрасын паш етеді. Бұған қоса ақ дастарханға ұлттық тағамдардың түр-түрін жайнатып, төгіп тастаған.

Гүлмира Қойбағарова, Уәлиханов ауданы
мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің бастығы:

-Киіз үйіміздің шаңырағы темір емес, ағаштан жасалған. Қолдан әзірленген. Іші ұлттық нақышқа сай безендірілді. Мұнымен қатар “Шаңырақ көтеру” дәстүрін дайындап әкелдік.

Ақжар ауданының киіз үйі де өзгеден бөлек. Жұртшылыққа ұсынарымыз мол дейді ақжарлықтар. Қолөнер бұйымдары көздің жауын алады, ұлттық тағамдар молынан. Әсіресе, қымызы тіл үйіреді. Наурыз мейрамына ақжарлықтар қымыздың 14 түрін алып келген.

Сәуле Ахметова, әлеуметтік педагог, Ақжар ауданы:
– Біздің ауданда екі шаруашылық қымыз шығарумен айналысады. Бүгін қымыздың неше түрлісін әкелдік. Бал қымыз, сары қымыз, уыз сүттен жасалған қымыз тағы басқасы бар.

Қазақ халқының ғажайып өнерінің тағы бірі – саятшылық та ұмыт қалмаған. Ғ.Мүсірепов ауданының тұрғыны Қанат Шүленбаевтың бүркіті жұртшылықтың ерекше назарын аударды. Оның бабын келтіріп аңға салатын құсты баптап жүргеніне бес жыл болған.

Қанат Шүленбаев,  құсбегі, Ғ.Мүсірепов ауданы:
-Бүркітім екі жаста. Үнемі түрлі сайыстарға қатысамыз. 2009 жылы Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алды.

Даланы ән мен сәнге бөлеген Наурыз тойында жұрттың көңілі ерекше көтеріңкі. Жастар алтыбақан теуіп мәре-сәре. Үлкендер жағы табақ-табақ ет асып, бауырсақ пісіріп жатты. Бұл күні мерекенің басты тағамы – Наурыз көже молынан әзірленді. Әркім жеті түрлі астан жасалатын көжеден дәм татты. Ежелден Наурыз көже тоқшылық пен ырыс құттың жоралғысы саналады.

Ғалия Сейдалиева, Айыртау орта мектебінің мұғалімі, Айыртау ауданы:
-Наурыз мейрамында жұртшылық бір-бірімен амандасып, көріспегендер көрісіп, дастархан басында бас қосып, тілектер айтып, баталар береді. Міндетті түрде дастарханға наурыз көже қойылады.

Наурыз мейрамына Түмен қазақтары ортақтасты. Ұлттық құндылықтың қадірін жақсы білетін шеттегі ағайын егеменді елімізде ұлық мерекенің өз деңгейінде тойланып жатқанына айырықша қуанады.

Есімқан Жантасов, Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясының президенті, Ресей:
-Жақсы атап өтіліп жатыр. Айта барамыз, елімізде Наурыз жоғары деңгейде тойланады деп. Бізде де Ұлыстың ұлы күні тойланады.

Киіз үйлер байқауының жеңімпаздарын облыс әкімі марапаттады. Сайыс қорытындысы бойынша Жамбыл ауданы үшінші орынды еншіледі. Сыйақы – 200 мың теңге. 300 мың теңгені Мағжан Жұмабаев ауданы жеңіп алса, бас жүлде – 500 мың теңгені Ғабит Мүсірепов ауданы иеленді. Ал бұл қаржының барлығын кеңесе келе аудан басшылары ауыр сырқатқа шалдығып, ем қажет ететін балаларға беруді ұйғарды. Осылайша Ұлыстың ұлы күнін жұртшылық бар сән-салтанатымен атап өтті. Өзгеше болуы да мүмкін емес. Өйткені Наурыз мейрамы – көп жылдар бойы тойланбай, тек тәуелсіздік таңы атқаннан кейін ғана қайта орлаған ұлық мереке.

-Кеңес үкіметі кезінде 1926 жылы Наурыз мейрамын тойлауға тыйым салынды. Тек 1988 жылы ғана қайта жаңғырды. Сондықтан бұл мейрам бізге айырықша ыстық. Бүгін жоғары көңіл-күймен атап өтіп жатырмыз.

-Бұл күні ренжіскен адамдар татуласып, кешірім жасайтын күн. Елімізде тұрып жатқан барлық ұлттар наурыз тойлайды. Бұл бірлік мейрамы.
– Мен Екібастұздан келдім. Наурыз мейрамы өте жақсы өтіп жатыр. Халқымыздың салт-дәстүрі көрсетіліп, ұлттық тағамдарға толы дастархан жайылған. Халықтың көңіл-күйі көтеріңкі. Барша қауымды Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтаймын.

Айымгүл Әбілева