Мәдениет

Ғабең есімін иемденген мектеп



 

1986 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық халық депуттары кеңесі атқарушы комитенің ұсынысы бойынша № 43 мектепке жерлесіміз Ғабит Мүсіреповтың есімі берілген. Жазушының 110 жылдығына орай, ұлы тұлғаның есімін иеленген оқу ордасында мектеп директорларының қалалық семинары өткізілді.

Роза Сәркен, Ғ.Мүсірепов атындағы №43 орта мектеп директоры:
– Мақсатымыз – жерлес жазушы атындағы мектептің жұмысымен таныстыру. Тәжірибе жүзінде мектеп ұжымы Ғабеңнің шығармашылығы жайлы жұмыстарын жұртшылық назарына ұсынады.  

Оқу ошағында жерлесіміз жайлы құнды ақпараттар жинақталған. Семинарға қатысушылар Ғабеңнің шығармашылық жолы, туған жері, өмірбаянымен арнайы жабдықталған мемориал-сыныбында жақынырақ танысты.

Шәрғия Мұқышева, №20 орта мектеп директоры:
– Ұлы тұлғаларды біздің жасөспірім жаңа өсіп келе жатқан балапандарымыз жақсы меңгеріп, жақсы білуі керек. Және де мақтан тұтуы керек. Осы кісінің бастамасын, осы кісінің ізгі жолын басатын ізбасарларын тәрбиелеу біздің басты мақсатымыз.

Мектепте отансүйгіштік, адамгершілік құндылықтарды Ғабең өмірінің негізінде оқыту дәстүрге айналған. Оқу ордасында 2-ші жыл қатарынан «Мүсіреповтану» сабағы өткізіледі. Сонымен қатар оқытушылар ұжымы «Даланың дара суреткері» атты жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған оқу-әдістемелік құрал басып шығарған. Семинар барысында бинарлық сабақ, сыныптан тыс жұмыстар ұйымдастырылды. Алған білімдерімен мектеп оқушылары да бөлісті.

 – Атақты жазушы Ғ.Мүсірепов атындағы оқу ордасында білім алып жатқаным мен  үшін үлкен мәртебе. Мектепте жерлесіміз жайлы көптеген ақпарат бар.
-Мұғалімдер бізге сабақ барысында жазушының шығармашылығына деген қызығушылығымызды арттыруда. Біз оның шығармаларын дәріптейміз. Осындай атақты жазушының жерлесі болғанымды мен мақтан тұтамын.

Жиын қарымды сөз зергерінің шығармашылығына арналған «Естелік парақтары» концертімен аяқталды.  

Әсел Күшенғалиева