Қоғам

Еңбек адамының құқығын қорғау

 

 

Жиынға кәсіпорындар басшылары, кәсіподақтар ұйымдарының өкілдері, еңбек және еңбек заңдылығын қорғау инспекторлары қатысты. Олар жұмыс беруші мен еңбек адамының арасында талапқа сай әлеуметтік байланыстың болмауы көптеген мәселелердің орын алуына әкеліп соғады деп отыр.
Жалақыны уақтылы төлемеу, еңбекақы мөлшерінің төмендігі қоғамда қиындықтар туғызады. Облыстың мемлекеттік бас еңбек инспекторы Арман Жәлелов мұндай фактілер өңірде жиі кездеседі дейді. Айталық Тимирязев ауданындағы элеваторда жалақының аздығы ұжымдағы жанжалға әкелген. Наурыздың басында олар жұмысқа шықпай қалған. Жанжалға әлеуметтік саладағы қорғауды бақылау департаментінің мамандары араласты. Мәселе шешілді. Ал “Сұлтан” элеваторында Қазақстан азаматтарының құқықтарына нұқсан келуде. Түркия азаматтарымен бірдей еңбек ететін отандастарымыз олардан жалақыны әлдеқайда аз алады. Тексеріс кезінде өңірдегі 200-ден аса кәсіпорында жалақының уақтылы төленбейтіні анықталған.

Арман Жәлелов, СҚО бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің бас мемлекеттік инспекторы:

-2011 жылы департаменттің мемлекеттік инспекторлары 735 өтінішті қарады, олардың 234-і жалақының уақытында төленбеуі жайлы. Осы бұзушылықтардың барлық фактілері бойынша құзіретті органдарға ұсыныс-талаптар жіберіліп, әкімшілік айыппұлдар салынды. Аталмыш жұмыстар прокуратура органдарымен бірлесіп атқарылады.

Кәсіподақтар өкілдері еңбек адамын қорғаудың бірден бір жолы ұжымдық келісімшартқа тұру дейді. Көп жағдайда жұмысшылар өздерінің  заңды құқықтарын білмейді. Кәсіподақ өкілдері осы жағына ерекше көңіл аудару керек деп отыр.

 Жеңіс Ермұқанов