Аптадағы маңызды жаңалықтар

Әрбіір елді мекеннің даму деңгейі жан-жақты сарапталады

 

 

 

Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму паспорты – бұл әкімшілік аумақтағы тұрғындар саны, өндіріс ауқымы, ауыл шаруашылығының дамуы мен орташа жалақы көлемі сынды халық үшін маңызды әлеуметтік салаларды қамтитын мәліметтер базасы. Сондай-ақ ол аудандар мен өңірлердегі жұмыс сапасын салыстырып, таразылауға зор мүмкіндік болмақ. Облыс әкімі өңір паспортын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Облыс паспорты әр елді мекен мен ауылдардағы экономиканың түрлі салалары бойынша туындаған өзекті мәселелерді қамтитын болады.
Үстіміздегі жылы бұл құжат жаңа үлгіде құрастырылуда. Бұл мәселеге қала, аудан әкімдері мен басқармалардың қызметкерлері зор жауапкершілікпен қарауы тиіс.

Құжатты облыстық басқармалар, департаменттер мен жергілікті атқарушы билік өкілдері 5-ші сәуірге дейін әзірлемек. Келесі мәселе – 2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджеттен трансферттер есебінен инвестициялық жобаларды жоспарлау. 2013 жылы облыс бойынша жалпы сомасы 23,8 млрд теңгенің 49 жобасын іске асыру көзделуде. Облыстық білім басқармасы 2012-2013 жылдарға арналған кейбір инвестициялық құжаттарды жоба-сметалық құжатсыз ұсынған. Дәл осындай жағдай денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларында да орын алған.

Иван Чиркалин, облыс әкімінің кеңесшісі:
Облыстық білім басқармасы Петропавл қаласындағы 3 балабақша мен Қызылжар ауданының Бәйтерек ауылындағы мектеп және Тайынша ауданындағы 400 оқушыға шақталған мектеп-интернаттың құрылысына жобасметалық құжаттар әзірлемеген. Құрылысқа жер учаскелері ресімделгенмен, бюджеттік кодекске сай аталмыш құжаттың жоқтығынан инвестициялық жобалар салалық министрліктерде қаралмайды.

2011 жылы республикалық бюджеттен мақсатты трансферттер ретінде 11 млрд 933 млн теңге қаражат бағытталған болатын. Ал биыл 7 млрд 149 млн теңге. Яғни үстіміздегі жылы республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат 40 пайызға кеміп отыр.

Аида Балабаева, СҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы:
– 2012 жылы өткен жылмен салыстырғанда сумен қамту саласына бөлінетін қаражат 1 млрд 95 млн теңгеге қысқарды. Тұрғын үй құрылысына бағытталған қаражат сомасы да 16 пайызға кеміп отыр. Білім беру, денсаулық сақтау салалары бойынша тың жобалар іске аспайды. Сондай-ақ биыл әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт салаларына республикалық қазынадан қаражат мүлдем бөлінбейді.

Облыс әкімі жол жөндеу, медициналық бөлімшелер ашу және өзге де мәселелер бойынша әзірленетін жоба-сметалық құжаттардың құнын қолжетімді етуді тапсырды.

Инеш Шоқақова