Құқық қорғау органдары

Жол полициясындағы ашық есік күні



 

Ашық есік күні жол сақшылары қонақтарға процессингтік орталықтың жұмысын, патрульдік көліктердің қызметін көрсетті. Алдымен  оқушылар әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі істер  бойынша өндіріс барысын автоматтандыру жүйесімен танысты. Бұл жерде жолда жүру жылдамдығын шамадан тыс асырған жүргізушілер тіркеледі. Кейін студенттер жолда жүру ережелері тақырыбында құрылған тест сұрақтарына жауап берді. Студенттер көліктерді техникалық тексерістен өткізуге қатысты өзгерістер жайлы сұрап білді. Жолды белгіленбеген жерден кесіп өту, жылдамдықты асыру  – қайғылы оқиғалардың басты себебі. Үстіміздегі жылдың 2 айында облыс орталығында 37 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 44 адам жарақат алса, 1-уі қайтыс болған. Осындай апаттардың алдын алу мақсатында  жол сақшылары қайғылы оқиғалардан түсірілген видеосюжеттер көрсетті.

Әсия Әбжанова, СҚО ІІД ЖПБ аға инспекторы:
 – Бүгінгі ашық есік күніне барлық бөлім қызметкерлері атсалысуда. Мектеп оқушылары және техникалық мамандықтарда оқитын студенттерге көптеген мәліметтер қажет. Сол үшін экскурсия өткізіп жатырмыз.  

Бұдан кейін мектеп оқушылары жол полициясының мұражайын аралады. Мұнда БМВ маркалы көне мотоциклден бастап жолда жүру ережелерінің көрнекілік материалдарына дейін бар.  

Асылбек Қайыргелдинов, Қожаберген жырау атындағы №6 қазақ орта мектебінің оқушысы:
-Маған бүгінгі экускурсия өте ұнады Онда мен жол жүру ережелерін үйрендім.

Жол сақшылары студенттер мен оқушылар арасында алдағы уақытта да ашық есік күндері ұйымдастырылатынын хабарлады.

Әсел Күшенғалиева