ТЖ

«Көктем-2012» шарасы аяқталды



 

Жаттығу жоспары бойынша темір жолдардың қиылысатын тұсында апат орын алды. Қатты су тасқынынан жол төсемесі шайылып кетуінің себебінен, жүк пойызы апатқа ұшырады. Ал пойыз цистерналарының біріндегі улы зат – аммиак адам үшін қауіпті болып табылады. Зақымданған көліктен шығып жатқан қауіп туғызатын буды дер кезінде жойып, төтенше жағдайдың алдын алу үшін барлық жағдайды жасау керек.  Апат зардаптарын жою үшін өрт сөндіру қызметкерлері пойызға су бүркуде.
Дәл осындай әдіспен улы заттың жайылуын тоқтатуға болады. Арнайы құтқару қызметкерлері тағы бір төтенше жағдай – цистерна-вагоннан шыққан өртті ауыздықтауда. Бастысы – адам кейпіндегі қуыршақты алып шығып, оған алғашқы медициналық көмек жасау. Өрт ошағынан құтқарылған зардап шегушіні жедел жәрдем көрсетушілердің қолына тапсырғаннан кейін, қалған күш цистернаны герметизациядан өткізуге жұмылдырылды.
Ал Петропавл су торабындағы төтенше оқиға су тасқынының кесірінен болған. Суға кеткен  жеңіл автокөлікті тауып алу қиынға соқты. Құтқарушылар оны іздеу үшін сүңгуірдің қызметін пайдаланды. Оқу-жаттығу барысындағы құтқару процесін арнайы комиссия қадағалап отырды. Көп уақыт өтпей жеңіл машина табылып, жағаға шығарылды.  Бұл – «Көктем-2012 » республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өткізілген соңғы учаске. Аталмыш шара еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылуда. Ал оның қорытындысы селекторлық отырыста сөз болды. Төтенше жағдайлар вице-министрі Валерий Петров өткізген алқа отырысында көктемгі су тасқынына қатысты дайындық жұмыстары сөз болды.

Валерий Петров, ҚР ТЖМ вице-министрі:
– Мен сіздерге ауа райын болжау орталығы беретін болжам көңіл көншітетіндей емес деп айтар едім. Өзендердің деңгейінің көтерілуі әбден мүмкін. Өкінішке қарай, бізде әлі назар аударуды қажет ететін су құрылыстары бар.

Облыстық ведомстволар басшылары өңірлердегі көктемгі су тасқына дайындық жұмыстары жөніндегі есеп берді.

Диханбек Сатылғанов, Төтенше жағдайларды жою департаментінің директоры:
– Көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары барысында 182 150 адамнан тұратын 13 241 бөлім тексерістен өтті. Қауіпті аймақтарға қадағалау жасалып, 31 мың бірлік техникамен қамтамасыз етілді. Оқу-жаттығу жұмыстары барысында алға қойылған міндеттердің бәрі ойдағыдай жүзеге асырылды.

Кездесу соңында Төтенше жағдайлар вице-министрі Валерий Петров «Көктем-2012» оқу-жаттығуларына қатысушылар мен ведомстволар басшыларына атқарған істері үшін алғыс білдірді.

Әспет Әбдірешова