Құқық қорғау органдары

«Бизнес тірегі»

 

 

Дөңгелек үстел кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелерді талқылаудан басталды. Қадағалау органдарының қызметкерлері жеке кәсіпкерлікпен айналысатын тұлғаларға қатысты негізсіз тексерістердің алдын алу шараларына ден қойған. Дегенмен ең алдымен бұл мәселеде кәсіпкерлердің белсенділік танытуы маңызды.

Нұрболат Қатуов,  СҚО көлік прокуроры:
– Қазіргі таңда көлік прокуратурасы тұтынушылардың құқығын қорғауға байланысты тексерістер жүргізілуде. Осы тексеріс аясында аймақтағы кәсіпкерлермен кездесіп, олардың мұң-мұңтажын тыңдаймыз.  

Жиынға қатысқан 20-ға жуық кәсіпкер арнайы сауалнамалардағы сұрақтарға жауап берді. Бұл олардың жеке ісінің дамуына тосқауыл болатын немесе құқықтарын бұзатын жайттарды тез анықтауға сеп болмақ дейді көлік прокуратурасының қызметкерлері. Ал аталмыш жиынға қатыса алмаған кәсіпкерлер үшін жұмысына кедергі жасаған фактілер жайлы хабарлаудың өзге де жолдары қарастырылған.

Жақсыбек Айымбетов, СҚО көлік прокурорының орынбасары:
– Егер де сіздердің қызметтеріңізді тексеруші келетін болса, ұялы телефоннан тексеру актісінің тіркеу нөмірін 1012 санына жіберу арқылы аталмыш тексерістің заңдылығын біле аласыздар.  Сондай-ақ 38 13 34 нөміріне хабарласуға болады.Мұның бәрі кәсіпкерлердің құқығын қорғау үшін жасалынып отыр.

Кәсіпкерлердің қызметі теміржол, су және өзге де көліктер арқылы тауар тасымалдаумен тығыз байланысты. Сондықтан көлік прокуратурасы олардың құқығын қорғауға бағытталған «Бизнес тірегі»  шарасының аясында мұндай кездесулерді дәстүрге айналдыруды жоспарлаған.

Инеш Шоқақова