Бизнес және экономика

“Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасы шағын кәсіпкерлікке жол ашты



 

Розалия Фазлединова Мамлютка қаласындағы шағын шаштараз салонының иесі. Өз кәсібін осыдан екі жыл бұрын ашыпты. Ал сүйікті мамандығын атқарып жүргеніне биыл тура 16 жыл болған. Салонда ол ерлер мен әйелдердің шашын қиып, бояп, бұйралайды, тырнақ бояйды. Жақында «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында қайта даярлау курсынан өтіп, кірпік өсіру мен ұзын шашты сәндеп, әрлеудің қыр-сырын меңгерді.

Розалия Фазлединова, жеке кәсіпкер:
Қайта даярлау курсы мен үшін өте тиімді болды. Курстан өту кезінде көптеген жаңа шаштараздық қызметтерді үйрендім. Алған білімімді енді жұмыста қолданудамын. Алдағы уақытта жұмыспен қамту орталығы арқылы 1 млн теңге сомасында несие алуды жоспарлап отырмын. Керек құжаттарды да дайындап қойдым.

Алынған несиеге Розалия шаштараз ісіне арналған жаңа жабдықтарды, су құбырын өткізуді және де солярий қызметін енгізуді жоспарлап отыр.
Ал Розалияның жерлесі Сергей Гринадеров мал шаруашылығын дамытумен айналысуды жөн көрген. 2 млн теңгеге етті және сүтті бағыттағы 12 бас ірі қара мал сатып алған. Қазіргі таңда 8 сиыр бұзаулап, алғашқы төлдерін де бере бастаған. Кәсіпкерлігінде заманауи сауу аппараты да жұмыс істейді. Күніне 30-40 литр сүт сауылады. Алынған өнімді орталықтағы дүкендерге таратады екен.

Сергей Гринадеров, жеке кәсіпкер:
-Бүгінгі таңда ауылдық жерде мал шаруашылығын дамыту – ең қолайлы істердің бірі. Қазіргі таңда сүт те, ет те аса сұраныста болғандықтан, кіріс- пайда да жоғары. Несие алудан қорықпау керек дегім келеді, себебі жеңілдікпен беріледі.

Алдағы таңда Сергей мал қорасын жөндеуден өткізіп, ірі қара бордақылау мәселесін шешуді мақсат етіп отыр. Мамлют ауданының 4 тұрғыны мал шаруашылығын дамыту мақсатында шағын несие алған.

Еркеш Тасбаев, Мамлют ауданының жұмыспен қамту орталығының директоры:
– Былтыр жеке кәсіпкерлігін кеңейту мақсатында 7 адам11 млн теңгенің несиесін алған. Оның 4-уі мал шаруашылығын дамыту үшін бұл қызметке жүгінген. Сонымен қатар демалу саябағын , ағаш өңдеу цехы  және нан-тоқаш комбинаты бизнесін дамытуға қаражат алған.

«Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасының 2 бағыты бойынша биыл  Мамлют ауданының 24тұрғыны несие алуға өтініш берген. Жеке кәсібін дөңгелетемін деушілерге республикалық қазынадан 36 млн теңге бөлініп отыр. Жобалардың тең жартысы мал шаруашылығын дамытуға бағытталған.

Әсель Күшенғалиева