ТЖ

“Көктем-2012”



 

Жоспар бойынша Борки кентінде қар күрт еріп, тұрғындар судың астында қалды. Тілсіз жаудың тұтқынындағылар дереу уақытша қауіпсіз аумаққа шығарылды. Жапашекендерге мұнда өмірге қажеттінің бәрі қарастырылып қойылыпты. Жылумен қамтылған жатын бөлме, асхана, медициналық пункт, спутниктік байланыс орталығы. Санитар мамандардың болжауынша лас судың кесірінен қоздырғыш аурулар тарауы мүмкін. Әрбірі эпидимологиялық тексерістен өті.

Рашида Иванова, СҚО денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары:
– Облыс бойынша шұғыл әрекет ететін 64 фельдшерлік құрылым бар. Онда білікті мамандар жұмылдырылды. Олар 1,5 айға жетерлік дәрі-дәрмекпен, азық түлікпен қамтылған.  

Арнайы топтың құрамындағы өрт сақшылары да өңіріміздің кез-келген нүктесінде орын алған апат орнына жылдам жетуге қашан да әзір.

Болат Әскербеков, № 2 мамандандырылған өртке қарсы күрес бөлімі бастығының орынбасары:
– Өрт сөндіру қызметінен арнайы 16 техника мен 15 адам бөлінді. Адамдарды әбігерге салған апат кезінде оттың шығып кетуі ғажап емес. Суланған жарық бағаналары өте қауіпті. Қысқа тұйықталудан сымдар тұтанып кетуі мүмкін.

Өстіп бұл ауданның тұрғындары құтқарылды. Жапашегушілерге уақытымен көмек көрсетілді. ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Валерий Петров пен аймақ басшысы Серік Біләлов арнасынан шыққан Есіл суымен құтқарушылар қаншалықты қарсы тұрып күресе алатындықтарын көрді. Жоспар бойынша Есіл өзенінің шығыс жағалауын су басты. 15 құтқарушы мен 12 арнайы техника бөгет жасап аумақты судан тазартып жатыр. Ойқала ауданына беттеген суға тосқауыл қою үшін құм толы қапшықтардан бөгет құрылды. Инерттік заттар аздық етсе, су сорғыш техника өз міндетін атқаруға дайын. Биылғы қыс қарға сараң болғанымен, табиғаттың тосын мінезіне қашан да дайын отыру керек. Сақтансаң сақ боласың. Осыны негізге алған құтқарушылар тәртіп сақшылары,  жедел жәрдем мен коммуналдық кәсіпорындардың өкілдері осылайша   дайындықтарын тағы бір пысықтады. Өңірлік оқыту жиынының барысын бақылауға арнайы келген ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі апаттың ауыздықталуына оң бағасын берді.

 Валерий Петров, ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі:
– Күннің күрт жылуынан оңтүстік Қазақстанда болып жатқан су тасқындары жайлы бәріміз білеміз. Бұл уақыт күттірмейтін шараға сәйкесінше дайындалмағандықтың салдары. Әрине, өкінішті, бұл  өзге аймақтарға мол сабақ. Оқу- жаттығу жиынының қорытындысы үкіметке жіберіледі. Алғашқы күн бойынша су тасқынының алдын алу бойынша Солтүстік Қазақстанның дайындығы жаман емес.  

Осылайша төтенше жағдай орын ала қалса 150 құтқарушы мен 80 бірлік арнайы техникадан тұратын топ толық құраммен 2 сағаттың ішінде апат орнына жетуге сақадай сай әзір екендіктерін танытты.

Жеңіс Ермұқанов