Ауыл шаруашылығы

Ел Үкіметінің кезекті отырысы өтті



 

 Көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстары республика бойынша белсенді қарқын алды. Биыл маңызды науқан 21,2 млн га жерде жүргізіледі деп жоспарлануда. Оның 4 млн 534 мың гектары біздің өңірімізде. Аймақта майлы дақылдардың алқабы 309 мың га дейін ұлғаятын болады. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне көрсетілетін қолдау да қомақты. Оларды қаржыландыруға «Қаз Агро» холдингі 80 млрд теңге бағыттайды. Банктер де шет қалмақ емес. Жалпы барлық қаржыландыру көздері бойынша 95,8 млрд теңге қаражат қарастырылған. Тағы бір маңызды жайт – ауыл шаруашылығы құрылымдарына жанар-жағар майдың бөлінуі. Республика бойынша 360 мың тонна жанар-жағар май жеңілдікпен берілмек. Жергілікті диқандар оның 65 мың тоннасына ие болады. Селекторлық байланыс барысында Үкімет басшысының бірінші орынбасары Серік Ахметов өңірлердегі түйткілді мәселелермен танысты.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Біздің өңірдің элеваторларында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» 1 млн тоннадан астам астығы сақталуда. Оны жөнелту аймақ үшін қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Көктемгі егіс науқаны басталмас бұрын осы астықты жөнелтуге қолдау көрсетілсе дейміз.

Үкімет отырысында қарастырылған келесі мәселе – ірі қараның экспорттық әлеуетін арттыру. Жыл басынан өңірлік агроқұрылымдар 951 бас ірі қара сатып алған. Тағы да 9 асыл тұқымды мал репродукторын құру жоспарлануда. Дегенмен ветеринарлық пункттерді салу бойынша түйткілдер бар. 135 мал сою пункті құрылған. Бұл тұрғындардың мал сою нысандарына деген қажеттілігін толықтай қамтамасыз етіп отыр.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Отырыста көтерілген мәселелерді аудандарда түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Ірі қараның экспорттық әлеуетін арттыруға да ерекше мән беру керек. Биыл облыс бойынша 2000 орынға шақталған мал бордақылау алаңдарын құру жоспарланған. Көктемгі егіс жұмыстарына дайындық деңгейі де бақылауда.

Биыл топырақтағы  ылғалдың аздығына қарамастан өңіріміз үшін қалыпты астық жинауға барлық жағдай бар дейді мамандар.

Ольга Гаас, «Солтүстік Қазақстан тәжірибелік станциясы» ЖШС сорттық агротехника зертханасының меңгерушісі:
– Ауыл шаруашылығы саласы жыл сайын жаңа техникамен толығуда. Сондықтан арнайы технологиялар сақталған жағдайда орташа астық жинау мүмкіндігі бар. Дегенмен егіс жұмыстарын бастауға асықпау қажет. Егін себуді 25-ші мамырға дейін аяқтау керек.
Осы аралықта ылғалды пайдалану ең тиімді.

Отырыс соңында Серік Біләлов ҚР АШМ агроөнеркәсіп кешені СҚО бойынша аумақтық инспекциясының жаңа бастығын таныстырды. Бұл қызметті бұған дейін Ғ.Мүсірепов ауданы әкімінің орынбасары болған Айбек Көшенов атқармақ. Аймақ басшысы оның жұмысына сәттілік тіледі.

Инеш Шоқақова