Бизнес және экономика

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту

 

 

 

Бүгінде өңіріміздегі бизнес саласында жүрген бұрымдылар сұлулық салондарын, шаштараз, кондитерлік өнімдер шығаратын цехтар ашып, өз істерін дөңгелетуде. Ал республика бойынша шағын және орта бизнеске иелік еткен нәзік жандардың үлесі 60 пайызды құрайтын көрінеді. Дегенмен ер адамдар қатарлы бизнес жүргізуде қыз-келіншектердің жолында бірқатар кедергілер кездесуде. Кәсіпкер әйелдер жиналған дөңгелек үстелде алдымен осы мәселелер қаралды.

Раушан Сәрсенбаева, Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының президенті:
– Жеке кәсіп ашқысы келетін нәзік жан өзінің алған бағытын жете түсінуі керек. Ол өндіріс болсын, қызмет көрсету саласы болсын алдымен бағыт-бағдарын айқындап алғаны дұрыс. Көп жағдайда кәсіпкерлер мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудан бейхабар болып жатады. Кеңес беру жағын мықтап қолға алу керек.

Өз бизнесін ашқысы келетін нәзік жандарға мемлекет тарапынан қашан да қолдау көрсетіледі. Былтыр жеке ісін бастауға бел буған 33 бұрымдыға “Бизнестің жол картасы -2020” бағдарамасы бойынша қаржылай қолдау көрсетілді. Тағы 200-ден астам нәзік жан үстеме ақысыз немесе төмен пайызды несие рәсімдеген.

 Мереке Сыздықов, СҚО «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының аймақтық филиалы директорының міндетін атқарушы:
– “Даму” қоры кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндерге бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетуде. Қор Елбасының тапсырысы бойынша бизнес иелеріне төмен ставкамен немесе пайызсыз, 3-5 жылға несие береді. Бағдарламаға 5 банк атсалысуда. Осы уақытқа дейін облыс орталығында 29  кәсіпкер-әйел  несиелендірілді. Жалпы сома 144 миллион теңге.

Мемлекет тарапынан берілген жеңіл несиеге әйелдер шағын орталықтар, шаштараз, тігін цехтарын аша алады. Ал Жамбыл ауданының тұрғыны Валентина Масленникова мал шаруашылығына ден қойыпты. 17 жылда жеткен жетістіктері аз емес. Осы күні шаруашылығында 100 бас ірі қара мен 60 шақты жылқы ұстайды.

Валентина Масленникова, “ЭМ Вивасек Виктория ” ЖШС басшысы:
Менің бизнесім – ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Өз ісіңді біліп істесең, айтарлықтай қиындықтар жоқ. Мемлекет бізге әрдайым қолдау көрсетуде. Тек банктерге жүгінгенде бірқатар проблемалар туындайды. Әйелдерге айтарым, кез-келген салада бизнеспен айналысуға болады. Сондықтан бүгінгі мүмкіндікті жіберіп алмау керек.  

Республика бойынша мұндай дөңгелек үстел алдымен Петропавл қаласында өтті. Осы тектес жиындар еліміздің басқа қалаларында жалғасын табады. Кездесулер барысында көтерілген мәселелер қараша айында Астана қаласында өтетін республикалық конференцияда қаралмақ.

Гүлбану Ахметова