Мәдениет

Мұражайдағы Наурыз мейрамы

 

 

 

Ұлыстың ұлы күнін ұлықтауға бұл жолы Мұрат Айтқожин атындағы жалпыға бірдей білім беретін инновациялық мектептің 1сынып оқушылары жиналды. Мұражайды аралаған шәкірттер Наурыз мерекесі туралы көптеген ақпараттар алды.

Әлия Үсейінова, СҚО тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері:
– Шарада оқушылар наурыз мерекесінің негізгі дәстүрлерімен таныс болады. Бүгінде ұмыт болып келе жатқан көне мерекені жастар білу керек. Олар бұл жөнінде тыңдап қана қоймай шараға өздері белсене араласып қатысады.

5 мың жылдан астам тарихы бар мейрам халқымызға тәуелсіздікпен бірге оралды. Мереке маңыздылығын жоймай баз-баяғы қалпында сақталған. Достық пен бейбітшілікке шақырып, қайырымдылыққа үндейтін қасиетті мерекенің негізгі ырым-салттары баяндалды. Мұның бәрін жеткіншектер тезірек ұғынып, есте сақтау үшін – сабақ танымдық саяхат, түрлі ұлттық ойындар түрінде өтті.
Армандар ағашында саяхатшылар мақсаттарының орындалуын тіледі. Отпен аластаудың маңыздылығын түсінді. Ешкім де көңілді саяхаттан шет қалған жоқ. Жүздері бал-бұл жанған балдырғандар мол әсер алып,  рухани азықтанды. Бүлдіршіндер мұражай ұжымына алғыстарын өздері жасаған қолөнер бұйымдарын сыйлаумен жеткізді.

– Мен бұл күні күн мен түн теңелетінін білетін боламын. Адамдар ренжіспей кешірімді болулары керек. Мереке тек жақсылыққа шақырады.

-Ұлу жылы мен  Наурыз мейрамының кейіпкерлері бізге жақсы саяхат жасады. Ойындары өте ұнады.

Мерекелік бағдарламадан соң барлығы кең дастарқан аясына жайғасып, Ұлыстың ұлы күнін тойлауды жалғастырды. Кішкене қонақтар бауырсақ , ыстық шайдан дәм татып, Қыдыр атаның батасын алып, мерекелік жадыраңқы көңіл күйде тарасты.

Жеңіс Ермұқанов