Қоғам

Лаңкестіктің алдын алу қажет



 

Қазіргі таңда дүние жүзінде 500-ге жуық лаңкестік ұйым бар көрінеді. Бұл ретте өзгеге үлгі боларлықтай бірлігі жарасқан қазақ елінде соңғы уақытқа дейін терроризм алыстағы қауіп-қатердің бір бұлыңғыр елесі сияқты қабылданып келді. Алайда жақында еліміздің оңтүстігі мен батысында орын алған жарылыстар  бұл ретте жайбарақаттықтың қауіпті екенін мойындатады. Сақтықта – қорлық жоқ. Дөңгелек үстелге жиналғандар әр азамат қарапайым сақтық ережелерін ескеріп жүргені жөн болатындығын алға тартады.

Гүлбарша Мұсабаева, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ оқытушысы:
– Бейбіт елдің тыныштығын алып, берекесіне өшпес сызат түсірген Тараз, Жаңаөзен қалаларындағы оқиғалар ынтымақты қоғамның бейбіт тірлігіне көлеңке түсірмеуі тиіс. Лаңкестердің  әрекеттері халық көп шоғырланған жерлерде орын алады. Сондықтан белгісіз затқа тап болсаңыз, бірден құқық органдарына хабарлау керек. Оның жанында ұялы байланыс құралын пайдаланбаған жөн.  

Бір шаңырақ астындағы халық үшін қазір ең басты құндылық – елдің тәуелсіздігі. Егеменді ел ұлттардың ауызбіршілігі мен дінаралық келісімімен күшті.

Қасымхан Абдоллаұлы, Қызылжар орталық мешітінің бас имамы:
Ислам бейбітшілік діні. Мұсылман баласы өзгеге қолымен не сөзімен зиян келтірмеуі тиіс. Бұл жөнінде көптеген оқулықтар мен кітапшаларымыз бар. Сондықтан ислам діні қашан да достыққа, рухани келісімге шақырады.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, лаңкесірлердің арбауына көбіне жастар түсіп жатады. Сондықтан жиынға қатысушылар өскелең ұрпақты бұл зұлымдықтан арашалап қалудың жолдарын бүгіннен   іздеу керек дейді.

 Еділбай Шәміров,  “Намыс-Қазақстан” аймақаралық ҚБ бөлімшесінің бастығы:
– Жастардың бүгінгі әуестігі – ғаламтор. Интернет беттеріндегі сұмдық бейнелер жастардың санасын билеп  алды. Қанды оқиғалар өңделіп, лаңкестер батыр, дін сақшылары ретінде көрсетіледі. Бұған тежеу қою керек.

Жастар үлкендердің бұл ойларымен келісті. Олар терризммен күресте ел болып бірігу керек дейді.

Жеңіс Ермұқанов