Жас суретшінің жеңісі

Мәдениет

16:29 13 Наурыз 2012



2011 жылы Чехия республикасының Лидице қаласында өткен халықаралық байқауға өңірімізден 20-дан астам қолөнер жұмысы жіберіліпті. Соның ішінде Дарья Кузьминаның туындысы үздіктер тізіміне еніп, дипломға ие болды.

Дарья Кузьмина, байқау жеңімпазы:
– Барлық балалар өз бөлмелерін, қала көшелерін салған, ал мен шіркеуді өз қолөнерімде бейнелеуді ұйғардым. Ұстазым екеуіміз бейнелеу тактикасын ұстанып, шіркеуді барынша көркем салуға тырыстық. Еңбегіміз еш кетпей, үздіктер каталогінен орын алдық.

Халықаралық байқауға 66 елден 25 450 қолөнер жұмысы жіберілген. Оның 1471-і үздік деп танылыпты. Даша кішкентайынан сурет салумен айналысады. Көбінесе ол қала архитектурасын, бау-бақшаны, ескерткіштерді бейнелегенді ұнатады. Бейнелеу техникасында ол алдымен макетке бояуды бүркіп, араларын қосу арқылы туынды шығарады – дейді ұстазы Юрий Кузнецов.

Юрий Кузнецов, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп -кешенінің қосымша білім беру ұйымының ұстазы:
– Даша менде 4 жыл білім алуда. Ол өте дарынды қыз. Сурет салумен айналысқаннан бері өзіне ерекше стиль қалыптастырып үлгерді. Сол әдісін жоғалтпай, одан әрі жалғастыруға көмек беруге тырыстым.

Сонымен қатар Юрий Кузнецовтың тәрбиеленушілері екі жыл қатарынан халықаралық сайыстардың жеңімпазы атанған. Ал болашақта қолөнер жұмысын одан әрі дамытуға ниет қойған Даша қазіргі таңда “ЮНЕСКО клубы”, бейнелеу өнері лицейінде білім алуда.

Әсел Күшенғалиева