ТКШ

ТКШ жаңғырту бағдарламасындағы өзгерістер

  
 

 

Өткен жылы пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына өзгерістер енгізілмек. Негізінен жөндеуден гөрі тозығы жеткен үйлерді жаңғыртуға ерекше мән берілетін болады. Яғни есептеу құрылғыларын орнату, үйлерді қаптау және энергияны үнемдеу мәселелері бірінші кезекте қолға алынбақ. Бағдарламадағы нақты өзгерістер наурыз айының соңында қабылданатын болады.

Сергей Худяков, «Тұрғын үй -коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың қазақстандық орталығы» АҚ СҚОФ директоры:
– Петропавл қаласымен қатар аудан орталықтарында да 2-3 қабатты үйлер бар. Біз тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Биыл елді мекендердегі баспаналарды жаңғыртуға да ерекше көңіл бөлінетін болады. Ең бастысы қажетті құжаттарды дер кезінде әзірлеуге баса назар аударылмақ.

Үстіміздегі жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына бағытталатын қаражат көлемі де ұлғаймақ. Өткен жылы біздің өңірге 395 млн теңге бөлінсе, биыл 813 млн теңгені игеру жоспарда бар. Бұл 2011 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артық, есесіне тағы бірқатар үйде жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. Ең бастысы – тұрғындардың осы бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдалана отырып, үйлерін қалпына келтіруге ниет танытуы қажет дейді Сергей Худяков.

Сергей Худяков, «Тұрғын үй -коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың қазақстандық орталығы» АҚ СҚОФ директоры:
– Бағдарлама бойынша үйді жөндеуге қажетті қаражаттың 15 пайызын жинау көзделген болатын. Алдағы жылдары бұл 3 пайызға дейін төмендемек. Дегенмен аталмыш жүйе бағдарламадан мүлдем алып тасталынбайды. Өйткені бұл тұрғындарға алдын ала жоба-сметалық құжаттар әзірлеп, баспананы жөндеуші мердігерді өздерінің таңдап алуына мүмкіндік бермек. Яғни жөндеу жұмыстарының сапасы жоғары болады деген сөз.

Сондай-ақ наурыздың 26-сы мен сәуірдің 15-і аралығында Елордадан арнайы мамандар келіп, 18 үйдің жай-күйін қарамақ. Оның арқасында баспананың қай тұсының жөндеуді ерекше қажет ететіндігі шешіледі. Сонымен бірге үйдің энергоаудиттен өткізілгендігі туралы құжат тапсырылмақ. Бұл науқаннан қалыс қалғысы келмейтін  пәтер иелерінің кооперативтері 37 68 30 нөміріне хабарласу арқылы өз баспаналарын тіркей алады.

Инеш Шоқақова