Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасының Аққайың ауданында жүзеге асырылуы

 

 

 
Александр Голубь  арнайы қондырғыда техниканың түрлі бөлшектерін жасайды. Осылайша ол токарь кәсібінің қыр-сырын меңгеріп жатыр. Александрдың бұл цехта жұмыс істеп жатқанына төрт ай ғана болған. Жас маман “Жұмыспен қамту -2020” бағдарламасының мүмкіндігін пайдаланып, өткен жылы біліктілікті арттыру курсынан өтіпті. Енді қазір Александрдың “Симаргл” ЖШС-де тұрақты жұмысы бар.

Александр Голубь, токарь:
– Бір ай біліктілікті арттыру курсынан өткеннен кейін, осында жұмысқа орналастым. Жұмысым өзіме ұнайды. Барлығы көңілімнен шығады. Жалақымды уақытында аламын.

Александрға басшылықтың көңілі толады. Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайды дейді Владимир Пожиткин. Серіктестік директоры өткен жылы бағдарлама аясында әлеуметтік жұмыс орнында болған 3 адамды да биыл тұрақты еңбекпен қамтыған.

Владимир Пожиткин, “Симаргл” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:
– Алдағы уақытта да әріптестік жасайтын боламыз. Көктемгі егіс жұмыстары жақындап қалды. Егер мамандар қажет болса, жұмыспен қамту орталығына жүгінетін боламыз.

Смирнов ауылының тұрғына Әлия Смайылова да “Жұмыспен қамту” бағдарламасының мүмкіндігін пайдаланғандардың бірі. Бүгінде ол мамандығы бойынша еңбек етеді. Аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінде есепшінің көмекшісі. Әлия бұл мемлекеттік бағдарламаның жас мамандар үшін үлкен қолдау екенін айтады. Өткен жылы бағдарлама аясында Аққайың ауданында 42 адам кәсіптік білім алып, қайта оқыту және біліктілікті арттыру курсына жіберілген. Бүгінде 9 адам жұмысқа орналасыпты. Сәуірдің біріне дейін тағы 14  тұрғын  екі қолға бір күрек таппақ.

Анна Принцева, Аққайың ауданы жұмыспен қамту орталығының инспекторы:
-Аспаз, наубайшы, токарь, темір ұстасы, дәнекерлеуші, ветеринралық фельдшер мамандарына сұраныс бар. Биылғы жылғы жоспар ауылдық округ әкімдерінің өтініштері негізінде жасалды.

Үстіміздегі жылы “Жұмыспен қамту -2020 ” бағдарламасының бірінші бағыты бойынша  ауданның 28 тұрғыны оқытылмақ. 7 адам кәсіптік білім алады, 16 тұрғын қайта оқыту курсынан өтіп, 5 аққайыңдық біліктіліктерін арттырады деп жоспарланған.

Айымгүл Әбілева