Мәдениет

Наурызға арналған көрме

 

 

 

Жалпы адамдар жылқыны осыдан бес мың бес жүз жыл бұрын қолға үйреткен екен. Содан бері халқымыз бұл жануарды жігіттің серігі, жеті қазынаның бірі ретінде қастерлейді. Көрмеге келушілер Памир және Лидер атты нағыз сәйгүліктерді тамашалай алды. Олар ашылатын экспозицияға ерекше сән бере түскендей. Ал мұражай залында орналасқан көрмеден кескіндеме, мүсін, этнографиялық заттар мен түрлі жанрдағы суретшілердің ізденістерін көруге болды. Мұның бәрі сал-серілік пен сәнділіктің шырайын келтіретін текті жануар – жылқының бейнесіне арналыпты. Көшпелі мәдениет кезінен табылған археологиялық заттар, петроглифтерден бастап, қазіргі ер-тоқым мен ат әбзелдері көрмені тамашалаушылардың назарына ұсынылған.

Валентина Воробьева, бейнелеу өнері мұражайы директорының орынбасары:
-Көрмеде жылқы жануарына қатысты керек-жарақтың бәрін сурет, қолөнер, декоративті паннолар арқылы көрсеткіміз келді. Археологиялық және этнографиялық экспедициялардың мол материалдары, ең бастысы Ботай қонысы, Берел қорғаны, Тамғалы мекенімен танысу ерекше қызықты болады деп ойлаймын.

Көшербай Қасымов жылқының сүйегінен жасалған туындыларын да көрмеге қойыпты. Ағаштан ойылған қымыз сапыруға арналған ожаулар мен астаулар да шебер еңбегінің жемісі. Ол төл мәдениетті жаңғыртуға 15 жыл бұрын ден қойыпты. Әр туындының жасалу технологиясы ежелден қалыптасқан дейді ол. Тек соны қатаң сақтау қажет.

Көшербай Қасымов, Новоишим қазақ орта мектебінің еңбек пәнінің мұғалімі, Ғ.Мүсірепов ауданы:
Қымыз құятын ожауды ерте кезде қайың ағаштан істеген. Қайың ағашты түбінен тұтастай ойып, одан кейін тұзды суға қайнатады. Ағаш ыдыста сақталған қымыздың қасиеттері жойылмайды және күннің ыстығында ысып кетпейді.

Киізден жасалған композиция, заманауи дизайндегі ұлттық киім, ежелгі күйме, арбалардың бейнесі «Жылқы  және өркениет» тақырыбын көп қырлы, кең түрде ұғынуға сеп болды.
 
Виктор Зайберт, тарих ғылымдарының докторы:
– Жылқы – әрдайым адамзат үшін киелі жануар болған. Ол табиғат әсемдігінің белгісі. Сондықтан қаламызда осы жануарға арналған көрменің ашылуы тегіннен емес деп ойлаймын.
Экспозияциядағы әр нәрсенің жылқыға тікелей қатысы бар.  

Наурыз мерекесіне Сергей Усинов кескіндемесінің жеке көрмесі де арналды. «Ұлы даланың мифтері мен аңыздары» тақырыбындағы көрме дарынды кескіндемешіні еске алуға арналған.

 Инеш Шоқақова