Спорт

«Қызылжар» ФК оқу-жаттығу жиынынан оралды

 

 

Кезекті ел чемпионатының алдында “Қызылжар” футбол клубы дайындықтарын Ташкент қаласында пысықтап қайтты. Шеберліктерін шыңдау үшін жергілікті аяқ доп шеберлері Өзбекстанның бірінші лига ойындарына қатысты. Ашық додада жерлестеріміз алаң иелерімен 3 кездесу өткізіп, барлығында да қарсыластарын тізе бүктірді. Ал, екінші дивизиондағы 6 ойынның тек жартысында ғана басымдылықтарын таныта алды.

Юрий Чухлеба, “Қызылжар” ФК бас жаттықтырушысы:
– Жуырда Ташкентте тағы үшінші ойын өтеді. Сонда команда жасақталатын болады. Осы ойындарда жеңіс тұғырынан көрінеміз деп ойлаймын. Жаңадан қатарымызға қосылған серіктеріміздің бізді төрге жетелейтініне сенімім мол.

Жергілікті команда құрамы 4 қостанайлық, 2 павлодарлық футболшымен толыққан. Жаңадан қосылған аяқ доп шеберлері алда өтетін жарыстарда “Қызылжарға” жеңіс әкелеміз деп отыр.

 Денис Малинин, “Қызылжар” ФК шабуылдаушысы:
– Мен Павлодар қаласынан келдім. Команданы күшейтуді мақсат етіп отырмын. Және осы міндетімді абыроймен орындайтыныма сенімдімін.

Өткен маусымда жанкүйерлерін тәуір ойындарымен қуаната алмаған футболшылар кезекті жарыста толассыз голдар сыйлаймыз деп отыр.

Андрей Селиверстов, “Қызылжар” ФК капитаны:
– Біз әр жарысқа жеңіске қол жеткіземіз деген мақсатпен барамыз. Осы жолы да бас жүлдеден үміттеніп отырмыз. Алға мақсат қоймасаң, жеңіске жетуің қиын деп ойлаймын. Өзбекстанда өткен ойыннан жақсы әсер алдым. Оларда мықты деген футболшылар алаңға шықты. Бірақ біз қарсыластарымызды жеңу үшін барымызды салдық.

“Қызылжарлықтардың” жауапты сынға қаншалықты дайындалғанын сәуір айында басталатын ел біріншілігі көрсетеді.

Гүлбану Ахметова