Құрылыс

«Қазпоштаның» қызметіне сұраным мол

 

 

 

Елімізде интернет жүйесі қаншалықты дамығанымен, бандерольдар мен қағазға жазылған хаттар арқылы хабар алмасатындар әлі де баршылық. Бүгінде «Қазпошта» қызметіне 584 мың адам жүгінеді. Пошта байланысын тұтынушылардың дені ауыл тұрғындары.

 Талғат Омаров, «Қазпошта» АҚ СҚФ директорының орынбасары:
– “Қазпошта” АҚ СҚФ жүйесі өңірдегі ең ірі жүйелердің бірі және оның қызметі барлық облыс көлемінде таралған. 2011 жылы пошта арқылы хат-хабар, қоржын жөнелту және қабылдау ісі 116 пайызға орындалды. Пошталық тапсырыстарды қабылдау мен жіберуді операторлар «Colvir» және “Кpils”бағдарламалары бойынша атқарады.

Жыл өткен сайын тұтынушыларға көрсетілетін қызметтің сапасы да артып келеді. Оның бәрі аталған саладағы қызметті барынша жылдам орындауға жол ашпақ. Осы мақсатта бүгінде 160 ұйыммен жөнелтімдер жіберу бойынша 300 келісімшарт жасалыпты. Тіпті поштаның жеткізілу барысы онлайн режимі арқылы компьютермен қадағаланады екен. Осындай мүмкіндіктердің бірі ретінде «Қазпошта» АҚ электронды сауда қызметін енгізіпті.

Тамара Мансуровская, «Қазпошта» АҚ СҚФ пошта байланысын ұйымдастыру және пайдалану басқармасының бастығы:
– Әрбір тұтынушымыз интернет арқылы тапсырыс жасай алады. Тұтынушының тапсырысы көп  кешіктірілмей, 2-3 күнде жеткізіледі.

Сонымен қатар, «Қазпошта» электрондық жүйе арқылы қаржылық қызмет түрлерін көрсетуде. Бүгінде 93 мың солтүстікқазақстандық зейнетақыны «Қазпошта» арқылы алады.

– Мен осы маңға жақын тұрамын. Зейнетақымды да осы жерден алып, тиісті төлемдерді де өтеймін. Өйткені мұнда көрсетілетін қызмет көңілімнен шығады.
– Көптен бері пошта арқылы қажетті заттарды жіберемін. Коммуналдық төлемдерді де «Қазпошта» арқылы төлеймін. Бұрындары кейде жіберген дүниеміз келмей жататын. Қазір қызмет сапасы жақсарды.

Әсет Әбдірешова