Билік

Энергетика саласының болашағы

Индустрия және жаңа технологиялар министрі бұл саладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын ұсынды. Тың жоба арқылы 2014 жылға дейін өндірілетін энергияны 10 пайызға, қажетті шикізатты 123 млн тоннаға дейін жеткізу межеленген. Ал ауқымды жобаны түгелдей жүзеге асыруға 9,5 триллион теңге инвестиция құйылмақ. Қазақстанның бірыңғай энергия жүйесі құрылатын болады. 19 жаңа нысан салынып, 6 орталық қайта жаңартылады. Осының арқасында қуаттылық 3700 мегаватқа өспек. Есесіне сағатына бүгінгідей 86 млрд. кВт емес, екі есе артық энергия өндіру мүмкіндігі туады. Бұл пайдаланылатын жарықты 26 млрд кВт үнемдеуге септеседі деп жоспарланған. Биыл ғана бағдарлама аясында қуаттылық 600 мегаватқа арттырылмақшы. Бүгінде энергия шығарушы кәсіпорын құрылғыларының 95 пайызы шетелден жеткізіледі. Бағдарламада бұл орайда жергілікті зауыттарда турбоагрегат пен қазандықтар шығаруды қолға алып, қазақстандық үлесті арттыру көзделген. Отырысқа қатысушылар бұл саладағы маман тапшылығын да тілге тиек етті. Энергетиктердің орташа жасы зейнет жасына таяп қалыпты. Бүгіннің өзінде 114 мың қызметкер аздық ететін көрінеді. Кемінде тағы 6,5 мың маман қажет. Әсет Исекешов бұл мәселе біртіндеп шешіліп жатқанын жеткізді. Еліміздің 80 орта кәсіптік және 50 жоғарғы білім мекемелері қазіргі таңда осы салаға қажетті 35 мыңға жуық жас маман дайындап жатыр екен. Олардың 10 пайызға жуығы мемлекет есебінен тегін оқиды. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов 2 айдың ішінде жобаға толықтырулар енгізіп, олқылықтарды түзеуді тапсырды.

 

  Күн тәртібіндегі келесі мәселе – “Халықтық IPO” бағдарламасын жүзеге асыру дайындығы. Ұлттық жобаны қолға алуға “КазТрансОйл” және «КЕГОК» АҚ дайын. Мақсат – қазақстандықтардың қаржылық сауаттылықтарын ашу үшін оқыту ұйымдастыру. Селекторлық байланыс үзілгесін облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров жергілікті энергетиктерге бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– Бағдарламамен жіті танысып, өз ұсыныстарыңызды жасаңыздар. Бұл мүмкіндікті пайдаланып қалу керек. Екінші сұрақ бойынша солтүстікқазақстандықтар құлағдар болуы тиіс. Ешкім бейхабар болмасын. Әрбіріміз үшін өте қажетті шара жүзеге асады.  

Жеңіс Ермұқанов