Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жеке меншік балабақшалар көбейіп келеді

 

 

 

Бүгінде өңір балғындарының тек 77 пайызы ғана мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Әсіресе балабақшаға деген сұраныс облыс орталығында тым жоғары. Петропавлдың өзінде ғана 9 мың жеткіншек кезегін күтуде.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Биыл бөбекжай тапшылығын шешу үшін 320 орынға шақталған екі мектепке дейінгі білім мекемесі ашылатын болады.
Шағын орталықтарды қоса алғанда жыл соңына дейін тағы 1000-нан артық орын болады. Десе де бұл мұқтаждықты қанағаттандыруға жеткіліксіз .

Өңір басшысы аса өзекті мәселені шешу үшін мемлекет пен жеке меншік арасындағы әріптестікті барынша дамыту керектігін алға тартты. Бүгінде өңірімізде бірлескен 8 балабақша жұмыс істеуде. Ол үшін кәсіпкер өз қаржысына заман талабына сай мектепке дейінгі мекемені салуы тиіс. Бүлдіршіндердің тәрбиесіне жұмсалған қаржыны үкімет өз мойнына алады. Шамамен әр балаға ай сайын 16 мың теңге шамасында бөлінеді екен. Биыл облысымызға республикалық қазынадан осы мақсатта 1 млрд. теңгеден артық қаржы қарастырылыпты. Бұл ұсынысты жеке кәсіпкер Нина Мацкевич құптап отыр.

Нина Мацкевич, кәсіпкер:
Мен 2008 жылы “Ашық аспан” балабақшасын аштым. Бүгінде 110 бүлдіршін білікті ұзтаздардың тәрбиесін алады. Жалпы 35 қызметкерім бар. Енді мемлекеттің қолдауымен кішкене қонақтарымның санын екі есеге арттыруды көздеп отырмын. Бұл екі жаққа да өте тиімді.  

Өмірін білімді ұрпақ тәрбиелеуге арнаған ұлағатты ұстаз Раушан Ілиясова да өміршең жобаны жүзеге асыруға ниетті.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Ғимаратыңыз бар ма?
Раушан Ілиясова, кәсіпкер :

– Ғимарат дайын деуге болады. Банкпен жеке бизнес- жоспар құрып, ғимаратты сатып алмақпыз.  

120 орынға шақталған балабақшаны Жұмысшы кентінде ашу көзделген. Бүгінде бұл ауданның 2 мыңға жуық кішкене тұрғыны кезектерін күтіп жүр. 26 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Кездесуде облыстық білім басқармасының бастығы мен 5 кәсіпкердің арасында “Балапан” бағдарламасы аясында екі жақты әріптестік орнату жөніндегі меморандумға қол қойылды. Өңір жетекшісі бұл жоспарлардың жүзеге асуына барынша қолдау көрсететінін жеткізді.