Қылмыс

Студент қызды өлтірді деген күдікпен жас жігіт ұсталды



 

Таң сәріде “Газель” автокөлігінен қатты қалдықтар полигонына тоңазытқыш тасталған. Оны көліктен түсіруге көмектескен тұрақты мекендері жоқ қаңғыбастарға тоңазытқыштың байлаулы есігін ашуға тыйым салыныпты. Қоқыс орнын мекендеріне айналдырған қаңғыбастар бұның мәнін  тоңазытқыш ішінен қыздың мүрдесі табылғанда бір-ақ түсінді.  Оқиға орнына келген полицейлер жәбірленушінің кісі қолынан қаза болғанын анықтады. Болжам бойынша қылқындырылған. Куәгерлерді сұрастыра келе көліктің жүк тасымалдаумен айналысатын фирмалардың біріне тиесілі екені анықталды. Тапсырыс Мир көшесіндегі үйлердің бірінен түскен. Сол мекен-жайдан күдікті ұсталды. Сезікті айыбын бірден мойындады.  Орта кәсіптік білім ошағының 20 жасар студенті бір курс төмен оқитын қызбен көңіл қосыпты. Оқу жылының басынан сүйгенімен осы баспананы бірге жалдап тұрыпты. Болашақта     шаңырақ құрамыз деген жұптың соңғы уақытта ара қатынастары сууға айналған. Қанды түні  бойжеткен үйге мас күйінде оралған. Бұған шыдамаған жігіт қызғаныштан махаббатын тұншықтырып өлтірген.

Марат Жанғұжинов, Петропавл қалалық ІІБ бөлімше бастығы :
– Қылмыс іздерін жою мақсатында мүрдені тоңазытқышқа салып, шығарып тастаған.
Қазіргі таңда бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Жеңіс Ермұқанов