Спорт

Универсиада бағдарламасында – шаңғышылар жарысы

 

 

Қысқы ІҮ универсиданың президенттік көпсайыс жарысы бойынша 12 ЖОО қатысып отыр. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Инна Самохвалова мәре сызығын алғашқылардың бірі болып кесті. Бұл Иннаның жарысқа алғашқы қатысуы емес, ол көптеген додаларда бағын сынап, жүлдегер атанған.

Инна Самохвалова, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:
Мен көпсайысқа бірталай уақыттан бері қатысып келемін. 10 жасымнан спортпен шұғылданамын. Қазақстан аумағында додаларға қатысып, жүлдегер атанғанмын. Сондықтан бұл сайыс мен үшін қиын болған жоқ.

Андрей Крайс ұлдар арасында белгіленген қашықтықты бірінші болып бағындырды. Бұған дейін президенттік көпсайыстарда бірінші орындардан көрініп жүрген жерлестеріміз  бұл жолы да жеңісті қолдан жібермейміз дейді.

Андрей Крайс, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:
Күннің күрт суып кетуіне қарамастан, спортшылар жақсы дайындалған. Үздіктердің қатарынан көрінеміз деген үміттемін.

Президенттік көпсайыс бағдарламасына мылтықпен ату, турникке тартылу, гимнастика  және шаңғымен сырғанау енгізілген. Барлығы 150-ден астам студент бағын сынауда.  

Ербол Исатаев, СҚМУ бұқаралық спорт жұмыстарының маманы:
-Қыз балалар – 5 км, ұл балалар 10 км шығып президенттік көпсайыстың бағдарламасын орындайды және
2 күн қатарынан мылтық атудан, қыздар гимнастикадан нормативтерін тапсырды.

3 күнге созылған дүбірлі дода мәресіне жетіп, мықтылар анықталды. Ұлдар арасында жеңіс тұғырынан М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті көрінді. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті екінші орынды иеленді, үздік үштікті Евней Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті тұйықтады. Қыздар арасында да алтын жүлде облыста қалды. Күмісті Павлодар мемлекеттік педагогика институты, қоланы Е. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті  иемденді.

Әсел Күшенғалиева