Мәдениет

Сән және сәнқойлар байқауы



 

Алдымен дизайнерлер киім үлгілерін талғаммен үйлестіре білетіндіктерін ортаға салды. Мерекелік көрсетілім кішкене ханшайымдар мен сәнқой бойжеткен, талғампаз әжелерімізді де бей-жай қалдырмағаны сөзсіз. Қашан да қыздың көзі – қызылда. Сондықтан болар әсемдік пен махабаттың нышанына айналған алқызыл раушан, інжу, меруерт гүлдерінсіз туындыны іздеп жүріп таба алмайсың. Алайда әрбір киім үлгісі өзінше бөлек, ерекше нақышта орындалған.

Гүлнар Жансарина, дизайнер:
– Модельерлер гүлге ерекше мән берген. Кез-келген затты әсем өсімдіктермен безендірсе жараса кетеді. Әсіресе халықаралық әйелдер күні, көктемнің оянған сәтінде өте орынды деп санаймын. Сондықтан мен де кезекті киім үлгілерімді тек гүлмен сабақтастыруға тырысып бақтым.

10 саусағынан өнер тамған шеберлердің барлығы дерлік нәзік жандар. Тек анасының әсем туындылары қанаттандырған Тимур Жансарин мерекелік көрсетілімге қатысқан жалғыз ер-азамат. 9-ға енді толған  дизайнердің бастамасы жаман емес. Қатарластарына “ЭМО” стиліндегі төл коллекциясын ұсынып отыр.

Тимур Жансарин, дизайнер:
– Бұл менің алғашқы көрсетілімім емес. Өткен жолы менің еңбегім үздіктердің қатарынан көрініп, бүгінгі шараға шақырту алдым.
Бүгінде лайықты баға алатыныма сенімдімін. Киім адамға көрік береді. Менің мақсатым сұлу қыздарымыздың ажарын аша түсетін сәнді киімдер ойлап табу.  

Сондай-ақ мерекелік кеште біліміне көркі сай нәзік жандар өз өнерлерін паш етті. Апалы-сіңлілі Болатовалар өз мүмкіндіктерін сынаған арулардың қатарында болды.

Райымгүл Болатова:
Бізге өте ұнады. Біз фотосессияға қатыстық. Қызық болды. Көптеген қыздармен танысып жолдастар таптық

Раушан Болатова:
Кішкене кезімнен менің арманым модель болу. Бірінші конкурс өте қобалшып тұрмын. Өзімді қолға ұстауға тырысып, бар өнерімді көрсетемін.  

Шығармашылық турда арулар әр қырынан танылды.  Соңғы сында сайыскер қыздардың бәрі туа біткен модель екендіктерін көрсетіп, әдемі қимылдарымен әсем киім үлгілерін ұтымды көрсете білді. Байқау қорытындысы бойынша 15 жасқа дейінгілердің арасында Карина Рыбак Ханшайым атанды. 65 жасқа дейінгі сайыскерлер легінде жан-жақтылығымен Людмила Серазитдинова танылды. Көрермен көзайымына айналған өзге арулар да жүлдесіз қалмай, түрлі аталымдарда топ жарды. Мерекелік кештің шымылдығын стандартқа сай емес модельдердің көрсетілімі жапты.

Жеңіс Ермұқанов