Ауыл шаруашылығы

Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға – 45 млн теңге

 

 

 

Осыдан 3 жыл бұрын мал бағуды қолға алған Ерғали Жәкеев бүгінде 40-тан астам ірі қара ұстайды. Былтыр “Жұмыспен қамту -2020” мемлекеттік бағдарламасының аясында шағын несие алыпты. 3 млн теңгеге шаруашылығының іргесін кеңейтіп, тайыншалардың санын екі есеге көбейткен. Биыл олардың 10 шақтысы төлдейді деп күтіп отыр.

Ерғали Жәкеев:
Мемлекеттің қолдауымен алған торпақтарымды енді өсіріп одан көрген пайдаға тағы 10 сиыр сатып алуды жоспарлап отырмын. Алда сүтті сиырларды көбейтіп, ферма ашпақпын.

Сауын сиырлары күніне 100 литрдан арттық сүт беретін көрінеді. Болашақта бұл көрсеткішті кемінде 300 литрге дейін жеткізу жоспарда бар. Бағдарлама аясында қалған қаражатқа бір жылқы алған. Енді байлауда 10 шақты қамбар ата төлі бар. Ерекше күтімді талап ететін бұл жануарлардың да санын бұнымен тоқтатпаймын дейді ауыл еңбеккері.

Ерғали Жәкеев:
Ата- бабамыздан келе жатқан құтты жануар. Мінсең көлік, жесең ас, ішсең шипалы қымыз береді. Жылқыны көп ұстаған дұрыс болады. Сондықтан бұл бағытта да жұмыс жасаймыз.  

Ерғали Есманұлының қорасы қой-ешкіге де толы. Шопан ата төлдерінің басын осы күнге дейін 200-ге жеткізіпті. Малдарының күнделікті жем-шөбін салып, суарып тұратын екі жұмысшы жалдаған. Өстіп, екі қолға бір күрек таппай жүрген  2 ауылдасы тұрақты табыс көзімен қамтылды. Мал азығын дайындайтын, сүт таситын арнайы көліктері де бар. Шаруашылық басшысы бұның бәрі үкіметтің қолдауын пайдаланып,  бел жазбай еңбектенудің арқасы дейді.

Ерғали Жәкеев:
Ауылда тұруға болады еңбек еткен адамға. Күні -түні жүгіріп, жем-шөбімізді даярлаймыз. Бізге жер берілген. Ауылдағы адамдар ерінбей мал басын көбейтсін, сүтін ішіп, етін жейді, артылғанын сатады. Елбасымызға рахмет, үлкен несие беріп, жәрдемдесіп жатыр. Біз де соны ақтап, мал басын көтеріп, жұмыс істеп жатырмыз.  

Өткен жылы бұндай мүмкіндікті Қызылжар ауданының 8 тұрғыны пайдаланып қалыпты.

Марат Нұтаев, Қызылжар ауданының жұмыспен қамту орталығының маманы:
Бағдарлама бойынша 5 жылға дейін 3 млн. теңгенің несиесін алуға болады, жылдық үстеме ақысы 6 пайыздан беріледі. Ісін дөңгелетіп алғанша 1 жыл 8 ай негізгі берешекті өтеуден босатылады. Ауылда жеке ісін ашып, не мал басын көбейтем деушілерге өте тиімді.  

Биыл бағдарламаның тиімділігін түсінген 30-ға тарта қызылжарлыққа 45 млн теңгенің несиесін беру қарастырылған.

Жеңіс Ермұқанов