Аптадағы маңызды жаңалықтар

Аргентина аграрийлерінің тәжірибесі солтүстікқазақстандықтарды қызықтырып отыр

 

 

 

Аргентина – ауыл шаруашылығы мейлінше дамыған мемлекеттердің бірі. Сондықтан қазақстандық делегация бұл саладағы инновациялармен танысу үшін Латын Америкасына арнайы барған. Аргентиналықтардың егін егуде пайдаланатын қазіргі заманғы технологиялары ерекше қызығушылығымызды туғызды дейді Қанат Мыңжасов. Тұқымды тікелей себу технологиясы – бізше нөлдік технология – өте жақсы дамыған. Шаруашылықтардың 90 пайызы осы технологияға көшіпті. Сөйтіп, қазіргі заманғы жаңа техника мол өнім алуға мүмкіндік беріп отыр.

Қанат Мыңжасов,  Солтүстік Қазақстан  мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры:
-Бұл технология өнімді 2-3 есе мол алуға мүмкіндік береді.
Жауын болмаса осы технологияның көп көмегі тиеді. Олардың техникалары жаңа, қазіргі заманғы. Осындай техника алсақ, бұған біз де жетеміз.

Әзірге біздің облыста нөлдік технологияны қолданатын шаруашылықтар көп емес. Әрі ол аргентиналық технологиядан өзгешелеу. Мол өнім алу үшін бізге заманауи әмбебап техника қажет. Осы сапар барысында аргентиналықтармен келісім жасалыпты. Мемлекет қаржы бөлсе, келесі жылы жергілікті институт шетелдік техниканы алып, оларды біздің алқаптарда байқап көрмек. Мал шаруашылығын дамытуда да аргентиналықтардың тәжірибесі мол. Бұл мемлекет ет экспорты бойынша Бразилиядан кейін екінші орында. Жыл сайын 600 мың тонна ет шетелге шығарылады.

Қанат Мыңжасов,  Солтүстік Қазақстан  мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры:
Елбасы жылына 60 мың тонна ет экспорттауды тапсырды. Оған барлық жағдай жасалып жатыр. Облысқа асыл тұқымды мал шетелден әкелінуде. Оған енді ғалымдар көмек беру керек. Сол үшін барып шетелдің технологиясын көріп келдік.  

Сонымен аргентиналықтардан үйренеріміз мол дейді Қанат Мыңжасов. Енді осы сапар кезінде біліп-түйгенді іске асыру қажет.

Қанат Мыңжасов,  Солтүстік Қазақстан  мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры:
Фермерлерге үкімет субсидия бөлмесе де, өздері кооператив ашып, сол арқылы бүкіл мәселелерін шешеді. Техника болсын, гербицид, жанар-жағармай болсын ,барлық мәселені шешеді. Бізге де осындай кооператив керек.  

Мамандарды даярлауда да шетелдіктермен тәжірибе алмасу көзделіп отыр.

Айымгүл Әбілева