Ауыл шаруашылығы

Құс шаруашылығындағы инновациялық жоба

 

 

Инновациялық жоба бройлерлік бағыттағы асыл тұқымды құс  репродукторларын құру және  облысымызда премикстер өндіруді жүзеге асыратын зауыттың құрылуын көздеп отыр. Шетелдік әріптестер Солтүстік Қазақстан облысы осындай өндіріс орнын ашу үшін климаты мен географиялық орналасуы жағынан өте қолайлы дейді. Өңіріміздің шекаралас аймақта орналасуы мен Кеден одағын есепке алғанда, тұтынушылар нарығы 170 млн адамды құрамақ. Облыс әкімі Серік Біләлов израильдік «МАД Корпорейшн» компаниясының президенті Абрахам Паюрскимен өткен кездесуде аталмыш жобаны іске асыруға аса жауапкершілікпен қарау керектігін атап өтті.

 

Серік Біләлов , СҚО әкімі:
– Мен жобаға аса зор зейінмен қарап, тиісті органдар қолдау көрсетуі керек деп ойлаймын. Бұл жұмысты тезірек аяқтау үшін қосымша күштерді пайдалану керек. Осы ретте «Солтүстік» және «Жол картасы- 2020» бағдарламаларын да жұмылдырған дұрыс болады.

Жобаны «Қызылжар құс» ЖШС директоры Сағындық Бегалин таныстырды. Жоба негізгі үш кезең бойынша жүзеге асырылмақ. 2012-2013 жылдарға жоспарланған алғашқы кезеңінде ферманы іске қосу,  Аққайың және Қызылжар аудандарында премикс өндіретін 4 алаң құру жоспарланып отыр.

Сагындык Бегалин, “Қызылжар Құс” ЖШС директоры:
– Соколов бұрылысы аумағында премикстер өндіретін зауыт салынады. Бұл кәсіпорын  Петропавл қаласының сызбасында болады.  

Екінші кезең 2013-2014 жылдарға бағытталған. Бұл кезеңде жұмыртқа шығарумен айналысып, жылына 20 млн данасын алу жоспарланып отыр. Ал 2014 жылы жобаның үшінші кезеңінде ет комбинаты мен сою цехының құрылысы басталады. Бүгінде қазақстандықтар тарапынан 200 мың тонна көлемінде құс етіне деген сұраныс бар. Бұл көлемнің жартысын импорт құрап отыр. Аталмыш жоба елімізде ет өндірісін дамытып қана қоймай, сонымен қатар импорттан келетін тауықтарды ығыстыруға септігін тигізеді. Қазіргі таңда жер учаскелерін жалға алу үшін құжаттар әзірленіп жатыр.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Мамыр айында «МАД корпорейшн » компаниясының есебінен құрылыс жұмыстарын бастаймыз. Маусым айында «Қазагрофинанстың» көмегімен бұл мәселе шешілмек.

Жобаның жалпы құны – 16 млрд теңгеге жетті. Инвестицияның жылдық мөлшері 3-4 млрд теңгені құрамақ.

Абрахам Паюрский,   “МАД Корпорэйшн” компаниясының президенті:

-Біз ауа райы қолайлы, жақсы жер таптық. Фирманың инвестициясы 300 млн теңгені құрамақ. Алғашқы кезеңге 2 млрд теңге қажет, қалған 1 млрд 600 млн теңгені «Қаз агрофинас арқылы » алуды көздеп отырмыз.

Жобаның жоспарланған өтімділік кезеңі – 6-7 жылды құрайды. Өзара тиімді ынтымақтастықты көздейтін кездесу барысында СҚО әкімдігі мен «МАД Корпорейшн» компаниясы арасында меморандумға қол қойды.

Әспет Әбдірешова