Құқық қорғау органдары

Қоғамдық тәртіпті сақтауға қыз-келіншектер де үлес қосуда



 

Аяулы ана, асыл жар, ару жандар экономика, ғылым, спорт және қоғамдық қызметтің барша түрінде жетістіктерге жетуде. Заңға қызмет етіп, азаматтардың құқығын қорғауға бар өмірін арнаған бұрымдылар да жетерлік. Өңіріміздің ішкі істер органдарында 620 нәзік жан абыройлы қызмет етуде.

Мұрат Ұрымханов, СҚО ІІД бастығы:
– Ішкі істер органдарында қызмет ететін барша аруларға, ардагер апаларымызға жүктелген міндеттерді орындауда әрдайым жауапкершілік танытатындары үшін алғысымды білдіргім келеді. Сондай-ақ полиция қызметкерлерінің жұбайлары да ерекше лебізге лайық. Олар құқық қорғаушыларға әрдайым қолдау көрсетіп келеді.

Құқық қорғау саласында қызмет ететін нәзікжандардың ауыр әрі жауапты міндеттерінде әрдайым жігерлілік танытуы үлгі тұтуға тұрарлық дейді әріптестері. Олар отбасы ошақ қасында нәзік ана, аулы жар болса, жұмыста – қоғамдық қауіпсіздіктің сақшылары.

Бауыржан Рақымжанов, СҚО ІІД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы:
– Ол адамдардың қызметі қиын. Күнде де, түнде де жұмыс істеп, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтып, сол жұмысты жүргізіп жатады.

Көгілдір көктемнің шуақты мерекесі қарсаңында бірқатар полиция қызметкеріне ақшалай сыйлықтар табысталды. Ал абыройлы еңбегімен көзге түскен 3 нәзік жан арнайы тапсырыспен алынған естелік сағаттарға ие болды. Осы салада 12 жылдай қызмет ететін Гүлшат Кожина – солардың бірі.

Гүлшат Кожина, СҚО ІІД ЖПБ бөлімінің аға жедел уәкілі:
– Осыдан 10 жыл бұрын жол полициясы жүйесінде жедел іздестіру бөлімі құрылды. Бастапқыда жұмыс тәртібіне үйрену өте қиын болды. Жүргізушілер мен көліктерге қатысты қылмыстарды ашу, жол-көлік оқиғаларының салдарын анықтау – біздің міндетіміз. Еңбегіміздің еленіп, марапатқа ие болғаныма қуаныштымын.

Бұл күні сахна төрінен төгілген әсем ән-шашу тек әйелдер қауымына арналды. Мереке күндері ішкі істер органдарында қызмет ететін ер-азаматтар күшейтілген жұмыс тәртібіне көшпек. Ал демалыс  тек нәзік жандарға бұйырды.

Инеш Шоқақова