Қоғам

Ауыр машина жасау саласының ауыртпалығын арқалап жүрген арулар бар



 

Өмірде нәзік жандардың алар орны ерекше. Олардың қоғамның қай саласында болмасын ерлермен иық тірестіріп, бірдей еңбектеніп жүргеніне куә боламыз. Татьяна Дмитриченко Петропавл ауыр машина жасау зауытына 17 жасында келіпті. Мамандығы – металл қырнаушы. Саналы ғұмырын зауытқа арнаған нәзік жан өткен күндерді сағынышпен еске алады.

Татьяна Дмитриченко, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ қырнаушысы:
– Станоктардың бәрі жаңа болатын. Әрине әйел адам үшін қиын жұмыс деп айтар едім. Өйткені бұл мамандық белгілі бір дағдыны қажет етеді. Сызбаларды оқу арқылы құрал-саймандармен жұмыс істей білу керек.

Ал Татьяна Пальгун зауыттың құрастыру цехында краншы болып істейді. Әйел жаны табиғатынан нәзік болғанымен, сүйікті ісіне келгенде нағыз маман болуды қажет етеді. Татьянаның негізгі міндеті – кранмен ауыр заттарды машиналарға орнату. 30 жылдан бері осы салада еңбектеніп жүрген ол басында кранмен биікке шығуға жүрексінгенін еске алады. Бүгінде ол өз ісінің нағыз білікті мамандардың біріне айналған.

Татьяна Пальгун, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ краншысы:
Мен ешқашан кранда жұмыс істеймін деп ойламаппын. Бірақ бір рет келіп, өз бағымды сынап көргеннен кейін маған ұнады. Әрине, басында бәрі қиын, әрі қорқынышты болып көрінді. Ал қазір бәрі жақсы, жұмысым өзіме ұнайды.

Татьяна Пальгунның айтуына қарағанда, қанша жерден өз ісінің маманы болғанмен, кейде ауыр детальдармен жұмыста қиындықтар кездесіп тұратын көрінеді. Осындай ауыр мамандықтарды игеріп жүрген әріптестерінің қызметін ер азаматтар да жоғары бағалайды.

Владимир Зарубин, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ кәсіподақ комитетінің төрағасы:
Осындай ауыр мамандықтарды меңгеріп, еңбектеніп жүрген әйелдер қауымына алғыс пен құрметтен басқа айтарымыз жоқ. Көктемнің шуақты мерекесі қарсаңында зор денсаулық пен көтеріңкі көңіл-күй тілегім келеді.

Бүгінде Петропавл ауыр машина жасау зауытында 384 әйел адам еңбектенуде.

Әспет Әбдірешова