Аптадағы маңызды жаңалықтар

Арулар мерекесіне арналған салтанатты жиын

 

 

 

Ананың ақ сүті мен аялы алақаны, әже ақылы мен мейірімі, әйел көркі мен сұлулығына жететін дүние болмаса керек. Көктемнің алғашқы шуағымен келген мейрам қарсаңында ыстық ілтипат, жылы лебіз бен ізгі тілектер осы аяулы жандарға арналды. Әйелдер қауымын мерекемен құттықтаған облыс әкімі Серік Біләлов олардың қоғамдағы орнын, тұрақтылық пен ел бірлігін сақтаудағы үлесін ерекше атап өтті.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Бүгінгі күні мемлекетіміз отбасының, ана мен баланың барлық жағдайын қамтамасыз етуде. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарған сайын бұл қамқорлықтың саны мен сапасы артып келеді. Өйткені  ананың болашағы – еліміздің болашағы. Тәуелсіздіктің 20 жылында сіздер еліміздің дамуына зор үлес қостыңыздар. Әйелдер қауымы облысымыздың саяси, әлеуметтік, мәдени өміріне белсене араласады. Сіздерді айтулы мерекемен шын жүректен құттықтап, мықты денсаулық, баянды бақыт, отбастарыңызға құт-береке тілеймін.  

Бүгінгі әйелдер отбасының шаруасын, бала тәрбиесін және саяси- қоғамдық жұмыстарды қоса жемісті атқарып жүр. Облыс әкімі мемлекет өміріне мейлінше белсене араласып, ел, халық тағдырына бей-жай қараймай, өзінің өлшеусіз үлесін қосып жүрген ардақты жандардың есімдерін атады. Олардың әрбіріне жиналғандар қол соғып, зор құрмет көрсетті. Әрине, лайықты қошемет. Мұның айқын айғағы – өңір басшысы табыс еткен марапаттар. Шаңырағын шайқалтпай, керегесін кең, босағасын берік ұстаған көпбалалы бес ана алтын және күміс алқаларға ие болды. Дина Есенгелдина алты бала тәрбиелеп өсіруде. “Күміс алқа” иегері атанған ол – әйел бақыты – ана болу дейді. Мемлекетіміздің дамуы мен егемендігіміздің нығаюына қосқан елеулі үлесі үшін 6 азаматшаға “Ел тәуелсіздігіне – 20 жыл” медалі табысталды. Облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары да өз иелерін тапты. Сахнаға түрлі салада қажырлы еңбектеніп, үлкен табыстарға жетіп жүрген әйелдер көтерілді. Олардың әрбірінің ісі көпке өнеге боларлықтай. Бұл күні төртінші сәбиді дүниеге әкелген аяулы аналарға да қошемет көрсетілді. Оларға “Ұрпақ қоры” бағдарламасы бойынша әлеуметтік көмек алуға арналған сертификаттар тапсырылды. Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты. Аяулы да ардақты жандардың құрметіне ән мен биден шашу шашылды.

 Айымгүл Әбілева