Көлік және жолдар

Жол жөндеу жоспары ауқымды

Өткен жылы республикалық маңыздағы жолдарды жөндеп, қалпына келтіруге ел бюджетінен 1 млрд. 722 млн. теңге бөлінген. Бұл қаражат толық игеріліпті. 70 шақырым автомобиль жолы орта жөндеуден өткен.

578 млн. теңге ағымдағы жөндеу жұмыстарына құйылыпты. Мұнымен қатар былтыр Көкшетау-Рузаевка жолының үстіндегі көпірді қалпына келтіру жұмыстары басталған.

Қайырбай Сәдуақасов, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің автомобиль жолдары комитетінің облыстық департаментінің бөлім бастығы:
– Көпір Айыртау ауданында. Кутузовка селосының маңында. Бүгінде 70 пайыз жұмыс аяқталды. Асфальт төсеу, белгілерді қою жұмыстары қалды.

Көпірді жөндеу биыл қыркүйек айында аяқталмақ. Бұдан өзге де үстіміздегі жылға ауқымды жұмыс жоспарланған. Бірінші кезекте Астана-Петропавл автомобиль жолын қалпына келтіруге үлкен көңіл бөлінбек. Биыл 12 шақырымын тапсыру көзделген. Ал жалпы 2013 жылдың желтоқсанына дейін 81 км жол жөнделеді деп межеленіп отыр. Қалпына келтіру жұмыстарын 5 мердігер кәсіпорын жүргізеді.

Қайырбай Сәдуақасов, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің автомобиль жолдары комитетінің облыстық департаментінің бөлім бастығы:
-Биыл бұған қоса 62 шақырым жол орта жөндеуден өтеді. Жезқазған-Петропавл жолында. 350 млн. теңге ағымдағы жөндеу жұмыстарына бағытталады. Биыл үш құбыр күрделі жөнделеді.  

Биылғы жылы біздің облысқа 3 млрд. 400 млн. теңгеден артық қаражат бөлініпті. Бұл қаржыны мақсатқа сай толық игереміз деп отыр департтаменттегілер.

 

Айымгүл Әбілева