Мәдениет

Жас домбырашылар халықаралық байқаудан жүлделі оралды

 

Уәлихан Әскербеков үкілі домбыраны 8 жасында қолына алыпты. Биыл алғашқы мүшел жасына келген жерлесіміз осы уақыттың ішінде шекті аспаптың  қыр- сырын тәуір меңгеріп алған.  Өнерлі өрен ұлттық күйлерді нақышына келтіріп шебер орындайды.
Уәлиханның бұл қабілетін былтыр РФ Санкт- Петербор қаласында өткен халықаралық өнерпаздар байқауының қатысушылары мойындады. Жас дарын  көршілес орыс елінде бас жүлдені биыл да жеңіп алды. Дина Нүрпейісованың «Науаи» күйі омбылық сахна төрінен ерекше сазбен шығып, Қызылжар ауданының тумасы Гран-При иегері атанып қайтты.

 Уәлихан Әскербеков,  “Мирас” өнер мектебінің тәрбиеленушісі, Қызылжар ауданы:
– Домбырада 5 жыл оқыдым. Мұнда маған өте ұнайды. Менің ең сүйікті домбырашым Асылбек Еңсепов. Мен де ол сияқты ойнағым келеді.   

Көршілес елде өткен әуенді де әуезді шарада   солтүстікқазақстандық өнерпаздар сыншыл қазылардың көңілінен шыға білді. Түркімен күйін орындаған Аяулым Мұхамеджанова да  жүлдесіз оралмады. Өз тобында 25 қарсыластың арасында  1-ші дәрежелі лауреат атанды.

Аяулым Мұхамеджанова,  “Мирас” өнер мектебінің тәрбиеленушісі, Қызылжар ауданы:
– Мен алғаш рет осы конкурсқа қатыстым. Қатты қорықтым. Сонда да өзімді ұстай алдым. Маған қатты ұнады, орын алғаныма өте қуаныштымын.

Қазақтың ұлттық өнерін дамытып, 1000- нан артық жас жұлдыздардың шеберлігі сыналған байқауға Уәлихан мен Аяулымдай дарынды үкілеген Татьяна Букирова үздік оқытушы деп танылды.

Татьяна Букирова, “Мирас” өнер мектебінің оқытушысы, Қызылжар ауданы:
– Уәлихан мен Аяулым өте дарынды. Оларды домбыраның тіліне үйретудің түк қиындығы жоқ. Айтқанымды екі етпей іліп әкетеді. Шеберліктерін арттыруға талпынып тұрады. Өңір намысын қорғай алатын өнерлі жеткіншектер.  

Уәлихан мен Аяулым мамыр айында дәл осы байқаудың тек үздіктері жиналған ақтық сында қазақ өнерінің артықшылығын енді бір дәлелдейтін болады.

Жеңіс Ермұқанов