Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қолжетімді баспанаға ие болудың бірнеше жолы бар

 

 

 

Дүние жүзіне қаржылық дағдарыстың екінші толқыны көлеңкесін түсірген уақытта  Қазақстан алып құрылыс алаңына айналады. Осы орайда мемлекет басшысы ел үкіметіне “Қолжетімді тұрғын үй” бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. Үкімет үйінде өткен отырыста жобаның 6 бағыты қаралды. Алғашқысы бойынша, жергілікті атқарушы билік мемлекет қаржысына үй салса, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары баспананы түрлі бағдарламаларға сәйкес сатып ала алады. Тәжірибе елімізде өткен жылдан қолға алынған. Бұл бағыт бойынша 2013 жылы 4-сыныпты үй салуға 25 млрд теңге, ал 14-20 жылдар аралығында 35 млрд теңгеден қарастырылуда.  Екінші бағыт – жалға берілетін баспананың құрылысы. Бұның аясында үй кезегінде тұрған соғыс ардагерлері мен мүгедектер, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік және әскери сала өкілдері баспанаға қол жеткізе алады. Сонымен қатар, осы бағытта үйлері апаттық жағдайда тұрған азаматтарды баспанамен қамту қарастырылыпты. Елбасы тапсырғандай жас отбасыларын баспанамен қамту жайы жекелей бағытқа алынған. Бағдарлама аясында мемлекет тұрғызған пәтерлерді жастар тағы да Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы сатып алады. Қаржы жинақталатын 8 жарым жылдың ішінде, отбасылар осы үйлерде тұра бермек. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша жас отбасыларына үй салуға 15 млрд теңге жоспарланыпты. Ал 2014 жылдан бұл салаға 20 млрд теңгеден бөлініп, жыл сайын 200 мың шаршы метрге дейін баспана салынбақ.
Бағдарламаның келесі бағыттары инженерлік коммуникациялар тарту және жеке тұрғын үй салу.
Аталмыш бағдарламаға «Самрұқ Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры да атсалыспақ. Отырыста компания өкілдері өз бағдарламаларының тиімді тұстарын жеткізді. Бұл бағыт аясында 3-сыныпты үйлердің шаршы метрі 120-150 мың теңгеден сатылмақ. Бұл бағыт аясында салынған пәтерлерді бірден сатып, мемлекеттен алынған қаржыны тез арада қайтару көзделген. Барлығы 6 бағыт түгел қолға алынған жағдайда, үстіміздегі жылы 450 мың шаршы метр, алдағы жылы 820 мың,  ал 2014 жылдан бастап елімізде 1 млн 300 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа жыл сайын беріліп отырмақ.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– “Қолжетімді тұрғын үй -2020” бағдарламасына сәйкес  наурыз айының соңына дейін уақыт бар. Осы аралықта өз мүмкіндіктерімізді саралап, ұсыныстар жасауымыз керек. Жеке тұрғын үйлер салынатын Солнечный кентінің маңы, коммуникациялар тартылған Береке, Орман аудандарына қатысты құжаттарды дайындауды тапсырамын. Өйткені наурыздың соңында қаржыландыру басталады. Біз бұл жұмыстарға дайын болуымыз қажет. Облыста
құны 4,8 млрд теңгенің 2 ірі жобасы жүзеге асады. Және жас отбасыларына арналған Небережный ауданында үйлер тұрғызамыз.
 
Небережный ауданында құрылысы басталатын тұрғын үйлерді 2-3 қабатты етіп тұрғызу көзделген. Ондағы пәтерлер де негізінен 1 және 2 бөлмелі болмақ.

Гүлмира Шоқтыбаева