Қоғам

Еңбек ардагері Виктор Агеев 75 жасқа келді



 

Виктор Агеев еңбек жолын 60-шы жылдары Киров атындағы зауыттан бастады. Өндіріс саласында үздік атанған инженер маманы болды. Сол кездері Виктор Егоровичке қызмет орнынан берілген мінездеме мұрағатта әлі сақтаулы екен.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Бұл мінездеме 1968 жылы жазылған. Онда Виктор Егорофич Агеев білікті инженер, қызметіне аса жауапты адам, тапсырған жұмыстарды үлкен сүйіспеншілікпен орындайды. Білім  мен ғылымды ұштастыра біледі. Әрдайым біліктілігін арттырып тұрады. Қоғамдық шаралардан шет қалмайды. Сөзі мен ісіне берік деп сипатталған.  

Осындай мадақ тізілген мінездемемен қарапайым инженер партиялық жұмысқа араласты. Құрметті демалысқа облыс әкімінің орынбасары қызметінен шықты. Аймақ басшысы Серік Біләлов араға 45 жыл салып құжатты иесіне қайтарды. Виктор Агеевке бұл күтпеген сый болды. Өңір жетекшісі қарияны құттықтап, құрмет граммотасы мен бағалы сыйлықтар тарту етті.  Виктор Агеевтің еңбегі лайықты бағасын алып, бірнеше орден-медальдармен марапатталған. Зейнетке шыққанына талай уақыт болса да, қоғамдық жұмыстан сырт қалып көрген емес. Өңіріміздің маңызды шараларына қатысып тұрады. Кейінгі толқын сыйлайтын, жастар үлгі тұтатын мерейтой иесінің қуанышына достары мен замандастары ортақтасты. Олар Виктор Егоровичті қиын кезде қол ұшын беруден аянбайтын, қайырымды, еңбекқор,  адал  жан деп сипаттайды.

Александр Липовой, Петропавл қаласының құрметті азаматы:
– 30 жыл бойы бірге қызмет еттік. Азамат үй салып, ағаш отырғызып, ұрпақ тәрбиелеуі керек дейді. Осы кісінің атсалысуымен қалада бір емес, бірнеше тұрғын үй бой көтерді, көшелерге сан алуан жасыл желек көшеттері егілді. Ел азаматы қылып, үш ұлды жеткізді. Өмірлік мақсатын асыра орындап шықты.  

Ардагер өз кезегінде көрсетіліп жатқан құрметке ризашылығын білдірді.

 Виктор Агеев, еңбек ардагері:
– Жылы лебіздерің үшін шексіз алғысымды білдіремін. Сіздер тізген жетістіктер ортақ жеңісіміз. Бастаған ісіміз өшпей, ізбасарларымыз іліп әкетті. Қазір өңіріміздің өндіріс саласы қарқынды дамуда. Еңбегіміздің зая кетпегендігі көз қуантады. Кейінгі ұрпақ тарапынан ұмыт қалмағаным мен үшін басты баға. Бақытты өмірімнің кепілі.

Жеңіс Ермұқанов