Билік

Әйелдер күніне арналған салтанатты жиын



 

Салтанатты шараға мейірім мен шапағатты, ізгілік пен ұлағатты бойына жинаған аяулы аналар мен әжелер, өмірдің мәні мен сәні әсем арулар жиналды. Бүгінгі құттықтаулар мен жылы лебіздер осы асыл жандарға арналады. Алғаш болып қымбатты әйелдерді қала әкімі Болат Жұмабеков құттықтады.
Бүгінгі әйелдер отбасы ұйытқысы болып қана қоймай, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне ер-азаматтармен қатар сүбелі үлестерін қосып келеді. Қазірде қалалық мәслихат депутаттарының 20 пайызы әйелдер. Облыс орталығындағы білім мекемелерінің 70 пайызына нәзік жандар жетекшілік етеді. Түрлі салада – мемлекеттік қызметте, бизнесте, білім беру, денсаулық сақтау – өзге де бағыттарда қажырлы еңбектеніп жүрген әйелдер салтанатты шарада марапатталды. Олардың әрбірі өздерінің біліктілігін, іскерлігін барынша танытып үлгергендер.

Гузаль Назарова, жеке кәсіпкер:
– Бүгін еңбегіміз еленіп, облыс әкімінің құрмет грамотасын табыс етті. Өте қуаныштымын. Алдағы уақытты өз ісімді кеңейтіп, жаңа өнім түрлерін шығаруды жоспарлап отырмын. Мемлекеттен көмек бар. Тек аянбай еңбек ету керек.

Әйел адам – қоғамымыз үшін болашақ ұрпақты жалғастырушы ана, мемлекет өміріндегі жауапты қызметкер, отбасындағы аяулы жар. Олар тәуелсіз еліміздің нығайып, биік белестерден көрінуіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Жиында сөз алған ер азаматтардың ойы осылайша бір жерде тоғысты.
Ер- азаматтар мерекеде құттықтауларын сөзбен ғана жеткізген жоқ. Жан ана, сүйген жар мен аяулы қарындастарына деген ыстық ілтипаттарын ән жолдарына сыйғызуға тырысты.

Айымгүл Әбілева