ТКШ

Су және кәріз қызметінің тарифі көтерілмек

  

 

Петропавлда су және кәріз үшін тариф 2009 жылдан бері өскен жоқ. Ал осы уақытта электр энергиясы үшін тариф екі рет көтеріліп үлгеріпті. Бұған қоса жылу, жанар-жағар май бағасы өсті. Сөйтіп, өткен жылды шығынмен аяқтап отырмыз дейді “Петропавл су” кәсіпорнының президенті Аслан Сатин. Бүгінгі тариф кең ауқымды жөндеу жұмыстарын жүргізуге де мүмкіндік бермейді. Қазірде облыс орталығындағы су құбырларының 80 пайызының тозығы жеткен. Кәсіпорынның техника паркі де әбден ескірген көрінеді. Тағы бір мәселе – қызметкерлердің еңбекақысын көтеру қажет. Бүгінде кәсіпорында орташа жалақы 28 мың теңгені құрайды.

Марат Мұстафин, ҚР табиғи монополияларды реттеу Агенттігінің СҚО бойынша департаментінің директоры:
-Негізгі шаруа жұмыскерлердің жалақысы. Бұрынғы тарифте 28 мың есептегенбіз. Қазір Қостанай, Көкшетау, Қарағанды, Павлодарда 40-45 мың теңге шамасында есептелген. Бұдан басқа да өзгерістер бар. Сол өзгерістерді енгізуді талап етіп отыр.  

Сөйтіп, мұндай қадамға өзге шара болмағандықтан барып отырмыз дейді кәсіпорын басшылығы. Биылғы жылы 8 шақырымнан астам су құбыры, 4 жарым шақырымға жуық кәріздік желіні жөндеу жоспарланған. Бұған қоса 700-ге жуық құдықтардың қақпақтарын жаңа қазіргі заманғыларына ауыстыру межеленіп отыр. Енді осы және өзге де жұмыстарды жаңа тарифке енгізу қажет. Бүгінде судың текше метрі үшін тұрғындар 25 теңге 73 тиын , ал заңды тұлғалар – 51 теңге 47 тиын төлейді.

Аслан Сатин, “Петропавл су” АҚ президенті:
– Өтініште магистральдік су құбыры арқылы су беру және тарату қызметі үшін бір текше метріне – 59,78 тиын бекіту қарастырылған. Бұл ретте тұрғындар үшін – 33,35 теңге, заңды тұлғалар үшін – 122,32 теңге болмақ. Кәріз қызметі үшін – 52,42 теңге көрсетілген. Бұл орайда тұрғындар бір текше метр үшін – 26 теңге 80 тиын, заңды тұлғалар – 113 теңге 40 тиын төлейді.  

Қоғамдық тыңдауға қатысқан жеке пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары тарифтің өсуіне түсіністікпен қарап отыр.

 Алексей Маркелов, “Мир, 278” ЖПИК төрағасы:
– Олар электр энергиясы үшін шығынды өтеуге қаражаттың жоқтығын айтып отыр. Әрі кәсіпорын қызметкерлерінің еңбекақысы төмен. Сондықтан мамандар онда көп тұрақтамайды. Жалпы тарифтің көтерілуін қолдаймын.

Соңғы шешім наурыздың жиырма алтысы қабылданады. Әзірге тарифтің қанша пайызға өсетінін белгісіз. Бірақ қайткен күнде де мамырдың бірінен коммуналдық қызметтің бағасы көтерілетіні сөзсіз.

Айымгүл Әбілева