Қоғам

Ресейде Президент сайлауы өтті



 

Челябі қаласының тұрғыны Светлана Петрова мұнда жұмыс бабымен жүр. Осы күндері РФ Президентінің сайлауымен тұспа-тұс келетінін біліп, алдын ала тіркелу парағын алыпты. Өйткені әр сайлауға зор жауапкершілікпен қатысамын дейді ол.

Светлана Петрова:

– Мен мысық өсірумен айналысамын. Сүйікті жануарларымды түрлі көрмелерге қатыстырамын. Осы жолы да Петропавл қаласына мысықтар көрмесіне келгенмін. Алдын ала тіркелу қағазын алып, ел өміріндегі маңызды оқиғадан шет қалмадым.

Өзінің азаматтық борышын орындауға асыққандардың қатарында Наталья Галстян да бар. Оның Петропавлға келгеніне 8 жылдай болыпты.

Наталья Галстян:
Дүние жүзіндегі бейбітшілік пен келісімнің сақталуы үшін дауыс бердім. Президент сайлауына қатысу өте жауапты іс деп ойлаймын. Әр азамат осының маңыздылығын түсінуі тиіс.  

Сайлаудың шетелде ұйымдастырылуының айтарлықтай ерекшеліктері бар дейді сайлау комиссиясының төрағасы. Бастысы – сайлаушылардың нақты тізімі жоқ. Дегенмен өңірімізде тұратын РФ азаматтары белсенділік танытуда. 3 адам көшпелі урна арқылы үйлерінде дауыс беруге ниет танытыпты.

Владимир Кузнецов,  № 5121 сайлау учаскесі сайлау комиссиясының төрағасы:
РФ-да тіркелген 110 млн сайлушылардың 2 млн-ы шетелдерде тұрады. Сондықтан 140 елде 400 сайлау учаскесі құрылған. Бізде өз жұмысымызды таңғы сағат 8-де бастадық. Дауыстарды санаған соң, нәтижесін елшілікке жібереміз.  

Сайлаудың барысын бақылаған РФ Коммунистік партиясының байқаушысы сайлау комиссиясының жұмысы жүйелі ұйымдастырылған дейді.

Николай Здорнов, РФ Коммунистік партиясы атынан байқаушы:
– Мен сайлауға байқаушы ретінде осымен 3-ші рет қатысып отырмын.
Сайлаудың ұйымдастырылуы әрқашан жоғары деңгейде болатын. Бүгін де сайлау комиссиясы кәсіби түрде жұмыс істеп, келушілердің бар сауалдарына жауап беруде.  

Барлығы бұл күні № 5121 сайлау учаскесінде 630 адам өз таңдауларын жасады. Оның 477-і Владимир Путинді РФ Президенті ретінде қайта көруді қалапты.

Инеш Шоқақова