Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір басшысының тұрғындармен есепті кездесуі

 

 

Облыс әкімі өз баяндамасында атап өткеніндей, былтыр өңір бюджеті 95 млрд теңгеге жеткен. Қаражаттың басым бөлігі – әлеуметтік саланы жетілдіріп, дамытуға бағытталған болатын. Бұл шамамен облыстық бюджеттің 57 пайызы. Яғни тұрғындарды ерекше алаңдатып отырған ауылдарды көркейту, балабақшалардың жетіспеушілігі, медициналық қызметтің сапасын жақсарту және жолдарды жөндеу мәселесін шешуге баса көңіл бөлінуде.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Былтыр өңірдің ішкі жалпы өнімі 500 млрд теңгені құраған. Экономика 7 пайызға өсті. Ауыл шаруашылығының үлесіндегі жалпы өнім көлемі 350 млрд теңге, ал өнеркәсіпте 164 млрд теңгені құрады. Жұмыссыздық 5,3 пайызға дейін төмендеді.  

Есепті кездесу барысында өңір жетекшісі үстіміздегі жылға жоспарланған ауқымды істерге де кеңінен тоқталды. 2012 жылы облыс бойынша тағы 100 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілмекші. Білім саласына бөлінген қаржы 1,5 есеге өскен. Бәйтерек ауылы мен Мамлютка қаласында жаңа мектептердің құрылысы басталмақ. Денсаулық сақтау саласын дамыту да ерекше назарда. Биыл бұл бағытқа 16 млрд теңге жұмсау көзделуде. Сондай-ақ тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында да қолға алынған істер аз емес.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Облыс орталығында салынуы тиіс спорт сарайының жобасметалық құжаттары жуық арада дайын болады. Бұл кешенді тұрғызуға 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлу жоспарлануда. Коммуналдық шаруашылық саласында биыл 765 млн теңгенің 3 инвестициялық жобасы жүзеге асады. Аграрлық секторды дамыту да назардан тыс қалмайды. Биыл 10 мың басқа шақталған мал бордақылайтын орын пайда болады.

Облыс әкімінің есепті кездесуін асыға күткен тұрғындар баяндамадан соң, өздерін алаңдатқан сауалдарды жолдау мүмкіндігіне ие болды. Бұл ретте ауыз су, баспана мәселелеріне қатысты сауалдар аз болмады. Биыл 2004-2005 жылдары пәтер алуға кезекке тұрған жерлестеріміз баспанамен қамтылады деді облыс әкімі. Жеке үйлер салуға арналған учаскелер де бөлінбек.

Ринат Накиев:
Жеке меншік тұрғын үй құрылысына қандай ауданнан учаске берілетін болады?
Серік Біләлов
СҚО әкімі:
Ол үшін Солнечный кентінен 300 га жер қарастырылған.  

Жұмыспен қамту, жанар май тапшылығы, тегін дәрі-дәрмекпен қамтуға байланысты туындаған мәселелерді тұрғындар аймақ басшысына жазбаша ұсынды.

Сұрақ:

-2012 жылы «Жастар тәжірибесі»  бағдарламасы жалғаса ма?
Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Бұл үшін 138 млн теңге қаражат бөлінген.  

Барлығы биыл облыста 918 есепті жиын өтіпті. Онда халықтан 2 мыңнан астам сауал мен ұсыныс түскен. Олар атқарушы биліктің қатаң бақылауында болмақ.

Инеш Шоқақова