Құқық қорғау органдары

Контрабандалық көліктер

 

 

 

Бүгінде “Петропавл-авто” кеден бекетінің уақытша сақтау қоймасында еліміздің шекарасын заңсыз асқан 5 шетелдік көлік тұр. Барлығының Беларусь елінде есепке алынған деген құжаттары бар. Тіркеу нөмірлері де сәйкесінше. Десе де тексеріс барысында мөрмен бекітілген бұл ақпардың шындыққа жанаспайтыны анықталды. «Сырттай қарағанда құжаттардың қолдан жасалғаны мүлдем байқалмайды, өте сапалы, арнайы сараптама жұмыстарын жүргізіп қана көлік паспорттарының заңсыз жасалғанын анықтадық»- дейді мамандар.Жеке тұлғалардың шетелден тікелей тасымалдаған көлік нысандарының баж салығы Кеден одағы бойынша бірыңғай мөлшерлемемен төленеді. Ал өзге елдерден енгізілгендерін рәсімдегенде қозғалтқышының әр текше сантиметріне жұмсалатын қаржы көлемі 10 есеге артық. Мәселен, қозғалтқышының көлемі 4,6 мың текше сантиметрді құрайтын “Mercedes Benz GL 450” көлігі  7 млн 930 мың теңгеге сатып алынған. Сәйкесінше рәсімдеу үшін Кеден одағының ортақ талаптарына сәйкес иесі 500 мың теңге ғана төлеген. Ал негізінеде ол 4 млн теңгеден артық баж салығын төлеуі керек еді. Сөйтіп, әжептәуір қаржы үнемдеуді көздеген тапқыр тасымалдаушылар кедендік баж салығынан жалтармақ болған. Алайда шетелдің сапалы темір тұлпарын иеленемін деушілердің арам ойлары жүзеге аспай әшкереленді. Екі «Лексус», сонша «Тойота» мен бір «Мерседестің» міндетті тіркеуге қойылмауынан ел қазынасына 16 млн теңге түспей қалған. Тәркіленген көліктердің тағдыры не болатыны әзірге белгісіз. Барлық факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Жеңіс Ермұқанов