Білім

Қазақ тілі білгірлерінің олимпиадасы

 

«Жазушылар» номинациясында «Шешендер сөзі- тәрбие көзі» тақырыбында эссе жазу қарастырылған. Ұйымдастырушылардың көздегені – жасөспірімдерді отансүйгіштікке баулып, қазақ тіліне деген қызығушылықтарын арттыру. Сергей Смолин Есіл ауданының Явленка селосынан, 10 сынып оқушысы бұл олимпиадаға алғаш рет қатысып отыр. Дегенмен жарыста жүлделі орыннан көрінемін деген үміті зор. Қазақ тілінде шығарма жазу қиын емес дейді ол.

Сергей Смолин, олимпиадаға қатысушы:
– Осы тақырып мен үшін қиын емес. Менің достарымның арасында қазақтар бар, олармен мен қазақша сөйлесемін.

«Әнші бұлбұлдар» аталымында  25 үміткер бағын сынауда. Қатысушылар бұл сында ән айтулары шарт. Сонымен қатар орындалатын туынды ұлттық құндылықтарды насихаттайтын шығарма болуы тиіс.
«Жарқын болашақ» олимпиадасын «KATEV» халықаралық қоғамдық қоры жыл сайын өткізеді. Алғашында тек қазақ-түрік лицейлері арасында ғана өткізілген білім додасы, Білім және ғылым министрлігі тарапынан қолдау тауып, оған барлық мектептер қатыса алады. Олимпиада 5 аталым бойынша өтті.

Ахмет Гази Чолак, облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицей-интернатының директоры:
– Бұл олимпиаданың негізгі мақсаты – қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, тіліміздің құндылықтарын жас ұрпаққа көрсету, таныту мақсатында осы олимпиада өткізіліп жатыр.

Облыстық кезеңнен сүрінбей өткен оқушылар республикалық сайысқа жолдама алады. Республикалық кезең сәуір айының 4-5 жұлдызына жоспарланған.