Қоғам

Қала тарихына арналған көрме



 

Петропавл бекінісінің негізі әскери форпост ретінде 1752 жылы қаланған болатын. Ал оның алғашқы құрылыстары Қызылжар шатқалындағы Есіл өзенінің оң жағалауынан бастау алды. Еліміздің солтүстік қақпасы болып саналатын Петропавл қаласын салу барысында алдымен 4 бөлімше, штаб үйі, офицерлер үйі, 10 казарма мен дәрі қоймасы салынған. Макеттен бекіністің сырты терең орлармен қоршалғанын көруге болады. Көрмеге 18-19 ғасырлардан бергі қаланың тарихынан сыр шертетін құнды дүниелер қойылған.

Әлия Үсейінова, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері:
– Біздің облыстық тарихи-өлкетану мұражайында жаңадан көрме ашылып отыр. Бұл көрменің мақсаты – Петропавл қаласының мерейтойына байланысты көрермендерді қаланың тарихымен таныстыру. Және де патриоттық сезімін ояту.  

Көрмеде қойылған жәдігерлердің әрқайсының өзіндік тарихы бар. Өткен ғасырдың мәдениетімен байланысты ұлттық киімдер, күнделікті тұрмыстық қолданыстағы заттар мұнда көптеп қойылған. Құжаттар, мақтау қағаздары мен Сібір күміс ақшалары жұртшылықты тамсандырмай қоймады. Әсіресе қару-жараққа қатысты экспонаттар қызықты дейді Қази Дәулетбаев.

Қази Дәулетбаев, зейнеткер:
– Тарихтың ішінде жүргендейміз. Бәрін көріп еске түсіріп отырмыз.Тарихты еске түсірмей ілгері басу деген жоқ қой. Қазір енді балаларыма айтамын.  

Жалпы көрмеге қатысушылар одан жақсы әсер мен құнды ақпарат алғандығын айтады.
 
– Көрме өте жақсы жасалған. Хронология жағынан   осы уақытқа дейінгі өнеркәсіптің өсіп-өркендеуіне дейін байқауға болады.
– Көрме ұнап жатыр. Досымыз екеуіміз Астанадан келіп отырмыз. Қаламыздың тарихы жайлы көптеген мәліметтер біліп жатырмын.

Солтүстікқазақстандықтар үшін көрме тамыздың соңына дейін жұмыс істемек.

Әспет Әбдірешова