Билік

Петропавл қаласының әкімі тұрғындармен есепті кездесулерін аяқтады

 

 

Бұл – қала басшысының бұқарамен соңғы, бесінші есептік кездесуі. Өткен жылы мұндай жиында көтерілген 115 мәселенің 107-сі шешімін тапты. Атап айтар болсақ, кәріздік желілер қалпына келтірілді. Бірқатар көшелер жарықтандырылды. Баспананы сумен және жылумен қамтамасыз ету мәселесінің түйіні тарқатылды. Жол жөндеп, қалпына келтіру   бойынша да біршама іс тындырылыпты. Бірқатар   баспана қалпына келтірілді.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:
-Тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында Абай көшесінде орналасқан 59-шы үйдің жедел сатысы жөнделді. Мұқанов көшесіндегі 68-ші үй күрделі жөндеуден өтті. Ал осы көшеде орналасқан 52-ші баспананың шатыры қалпына келтірілді. Жалпы бұл аудандардың 19 үйінің тұрғындары құны 185 млн теңгені құрайтын жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкіндігіне ие болды.

Бұдан кейін қала әкімі тұрғындардың өтініштерін тыңдады. Халық жол жөндеу, жер үйлерге су құбырын тарту, қоқыс контейнерлерін орнату, қаңғып жүрген иттерге қатысты шара қолдануға туралы бірқатар ұсыныстар жасады.

– Біз Жұмысшы кентінің тұрғындары Панфилов көшесінен бастап қаланың сыртқы жолына дейін Урожайная көшесі бойындағы жолды жөндеуді сұраймыз.
-Бұл көше бойынша жолды қалпына келтіру жұмыстары жоспарда бар. Бұл мәселені қарастырамыз.

Интернационал көшесінде орналасқан 30-шы А үйдің “Мақсат”  пәтер иелері кооперативінің төрайымы көпқабатты үй тұрғындарының мәселесін арқалап келіпті.

Гүлмира Кожикова, «Мақсат» ЖПИК төрайымы:
-2007 жылдан біздің үй не «Севказэнергоның», не «Петропавл су» АҚ-ның бақылауында тұрған жоқ. Су нашар ағады. 5 -ші қабатта ыстық су мүлде ақпайды. Жылу жүйесінде де проблемалар бар. Әкімшілік қол ұшын береді деген үміттемін.

Сондай-ақ бас қосуда бағдаршамдар орнату, жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың жетпейтіндігі жайлы да сөз болды.

-Челлюскин, Жабаев көшесінің ортасына жаяулар жүретін белгі қоюды сұраймыз.

Есептік кездесуге қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров мәселелердің біртіндеп шешілетінін айтты.

Айдарбек Сапаров, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
-Серік Сұлтанғазыұлы Болат Серікұлын тағайындағанда бірсыпыра тапсырма алдына қойды. Шешілмеген мәселелерді бір тізімге алып, ерекше бөлек қаржы беріп отыр облыстық бюджеттен 590 млн тг. Сол көптен бері шешілмеген мәселеге жұмсалады. Оның бірі жолдар, әр түрлі көшелер істелмеген, мен ойлаймын жаңа келген әкім Болат Серікұлы қатаң қолына алып, бұл жерде жақсы тексеріс болады.

Қала әкімінің тұрғындармен 5-ші есептік кездесуінде азаматтар барлығы 79 ескерту мен ұсыныстарын білдірді.

Айдана Демесінова