Билік

Облыс әкімдігінің отырысы



 

Облыс әкімі алдымен жиынға қатысушыларға жұмылдыру даярлығы,азаматтық қорғаныс, апаттар мен зілзалалардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру жөніндегі басқарманың және СҚО бойынша статистика департаментінің жаңа бастықтарын таныстырды. Алғашқысына бұған дейін дәл осы басқарманың бөлім бастығы қызметін атқарған Нұрлан Кеңесұлы Бүркіталин тағайындалды. Ал СҚО бойынша статистика басқармасы өз жұмысын Ольга Перепечинаның басшылығымен жалғастырмақ. Бұдан соң күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды. Жиында ең алдымен мал шаруашылығын дамыту бағдарламасының жүзеге асырылуы сөз болды. Қазіргі таңда өңірімізде асыл тұқымды мал шаруашылығы және құс өсірумен айналысатын 26 субъекті бар. Өңірдегі агроқұрылымдар өз қаражаттарына және «Қазагро» АҚ мен екінші деңгейдегі банктердің қаржылық қолдауының арқасында 10 мың бас ірі қара сатып алыпты. Негізінен етті бағыттағы.

Иван Овчаренко, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы:
– Жыл басынан өңірімізде 9 мың тоннадан астам ет, 13 мың тонна сүт, 24 млн жұмыртқа өндірілді. Ірі және орташа тауарлы өндірісті дамыту, тың технологияларды қолдану жұмыстары жалғасуда. Мәселен, Қызылжар ауданындағы «Зенченко и К» командиттік серіктестігінде төртінші сүт кешені іске қосылды. «Леонов» шаруа қожалығында екінші кезектегі сүт кешенінің құрылысы аяқталды.

Мал шаруашылығын дамытуда ең алдымен қолайлы эпидемиологиялық жағдай жасау маңызды. Бұл үшін әр ауданда ветеринарлық стансаларды құру ұсынылды. Қажетті қаражат бөлу мәселесі қарауға алынды. Сондай-ақ Серік Біләлов аудан әкімдеріне шаруа қожалықтарының иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, өңірдегі мал шаруашылығын дамытуда барынша демеу көрсетуді тапсырды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Келісімшарттар жасау, қажетті құжаттарды әзірлеу және мал сатып алуға керекті соманы аудару жұмыстарын мамыр айына дейін аяқтау қажет. Аудан әкімдері шаруашылық қожалықтарымен бірлесіп, осы бағыттағы жұмыстарды қарқынды жалғастырсын. Сонымен қатар ветеринарлық станцияларды құру жұмысын қолға алу керек.

Отырыста сөз болған келесі мәселе – “Балапан” мемлекеттік бағдарламасы. Соңғы 2 жыл ішінде облысымыздағы мектепке дейінгі мекемелердің саны 1,5 есеге артыпты. 2011 жылы аталмыш бағдарлама аясында 2 292 орынға шақталған 8 балабақша мен 18 шағын орталық қолданысқа берілген. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту бойынша Тимирязев ауданы көшбасында. Ең төмен көрсеткіш Петропавл қаласында.

Орал Қаппасов, СҚО білім басқармасының бастығы
– 2012 жылы облыс бойынша 1294 орынға арналған мектепке дейінгі мекеме ашу көзделуде. Соның ішінде Петропавл қаласы бойынша 529 бүлдіршінді қамту жоспарда бар. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 1 млрд 267 млн теңге қаражат бағытталды. Соның арқасында жыл соңына дейін балалардың 82 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылмақ.

Сонымен қатар мектепке дейінгі мекеме ашуға ниет танытқан жеке кәсіпкерлердің ұсыныстарын қарастыру мәселесі де жан-жақты талқыланды. Бұл тұста кәсіпкер ұсынған ғимараттың арнайы нормаларға сай келмеуі сынды түрлі қиындықтар туындауда.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Мектепке дейінгі мекемелердің санын көбейту үшін қосымша шараларды қолға алу керек. Әсіресе, Петропавл қаласы мен аудан орталықтарында. Осы іспен айналысуға ниетті кәсіпкерлерге қолдау көрсетілмек. Және балабақшалар мен шағын орталықтардағы төлемақыны үнемі қадағалауда ұстау қажет.

Сондай-ақ облыс әкімдігінің отырысында су тасқынына қарсы дайындық мәселесі қарастырылып, аудан әкімдері «Мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс кодексі» ережелерінің сақталуы бойынша есеп берді.

Инеш Шоқақова