Құқық қорғау органдары

Қазақстанда криминалистика қызметінің құрылғанына 93 жыл

 

 

Қылмыс орнында қылмыскердің иісі де қалады екен. Осы иіс қылмысты ашуда полицейлерге үлкен көмек. Қылмыс орнынан табылған айғақтағы иіс орамалға сіңіріледі де арнайы контейнерлерде сақталады. Бүгінгі күні 2009 жылы ашылған одорологиялық зертханада 300 құты сақталған. Аса ауыр қылмыс орнынан алынған иістер тіпті 10 жылға дейін сақталатын көрінеді. Ал қылмыс орнында қалған иістің кімге тиесілі екенін арнайы жаттықтырылған иісшіл иттер анықтайды. Росси атты ит көптеген қылмыстың бетін ашуға көмектескен. Ол күдіктінің иісін тез анықтап береді. Ит айыпталушының иісі сіңірілген орамал салынған құтыны иіскейді де оның қай ұяшықта екенін іздеп табады. Росси әмбебап ит дейді кинолог Дмитрий Петров. Ол күдіктіні иісі арқылы ғана емес, ізі арқылы да іздеп табады.

Дмитрий Петров, кіші инспектор-кинолог:
– Жақында Росси қылмыстың бетін ашуға көмектесті.
ДСР ауданында біреулер дүңгіршекті ашып, ішінен мүліктерді ұрлап кеткен. Росси олардың ізіне түсіп, күдіктілер отырған үйге алып келді.

Полицейлерге қылмыстарды ашуға үш иісшіл ит көмектеседі. Бұл қызметтік иттер Алматыдағы кинологиялық орталықта арнайы жаттығудан өткен. 2011 жылы жедел-криминалистикалық басқарма полицейлері 500- ден артық қылмысты әшкерелеген. Жұмыстың нәтижелі болуына өткен жылы алынған жаңа қондырғы өз септігін тигізіпті. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 25 млн. теңге бөлінген.
Өткен жылы ғана криминалистер бес мың бес жүз қылмыс орнын зерттеп, үш мың сараптама жасаған.

 
Айымгүл Әбілева