Билік

Қалалық мәслихаттың үшінші сессиясы

 

 

 

Сессияда көтерілген басты мәселе – әлеуметтік маңызы бар салаларға көрсетілетін қолдауды күшейту. Бұл негізінен білім беру және тұрғындарды әлеуметтік қорғау болып табылады. Депутаттар қандай бағдарламаларға баса назар аудару қажет екендігін де талқыланды. 2012 жылға жоспарланған қала бюджеті 12 млрд 600 млн теңгеден астам.

 Николай Черновол, қалалық мәслихат сессиясының төрағасы:
– Қазіргі таңда «Қолжетімді баспана», «Балапан» және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламаларына баса көңіл бөлуіміз керек. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар аз емес. Дегенмен балабақшалардың саны жеткіліксіз, инженерлік коммуникациялардың жағдайы да қомақты қаражат пен ерекше бақылауды қажет етеді. Бюджеттің маңызды салаларға бағытталуын депутаттар үнемі қадағалап отырмақ.

Сондай-ақ жиында облыс орталығын көркейту және жарықтандыру мәселелері де назардан тыс қалмады. Бұл тұста жергілікті кәсіпкерлермен келіссөз жүргізіп, бірлесе жұмыс жүргізуіміз қажет дейді қала әкімі.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:
– Біз жарықтандыруды қажет ететін нысандарды анықтап, осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырудамыз. Мәселен Н.Погодин атындағы орыс драма театры қажет деңгейде жарықтандырылмаған. Қазақ сазды драма театрының жарықтандырылуы да көңіл көншітпейді. Бұл мәселеге де бей-жай қарамаған жөн.

Халық қалаулыларының жеке пәтер иелері кооперативтерімен тығыз байланыс орнатып, жүйелі жұмыс жүргізуі де сөз болды. Жиын соңында қалалық әкімдік аппаратының құрылымдық өзгерістері жарияланды.

Инеш Шоқақова