Қоғам

Наурыздың бірі – Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні

 

 

Өрт сөндіру бөлімі осындай кездесулерді бесінші жыл қатарынан көктемнің алғашқы күнінде өткізуде. Наурыздың бірі – Халықаралық азаматтық қорғаныс күні. Осыған орай құтқарушылар оқушыларды өртке қарсы жасақталған базаның техникалық және материалдық қорымен таныстырды.

Болатжан Асқарбеков, Петропавл қалалық МЖ-2 ӨСБ бастығының орынбасары:
– Өрттің алдын алу мен одан құтқару жұмыстары қалай жүргізілетінін үйретуде мұндай шаралардың берері мол. Оқушылар үшін осындай саяхатты біз жылда өткіземіз. Сондай-ақ, өртке қарсы қызметтің қыр-сырын тәжірибелік тұрғыда түсідіреміз.

Өрт болған жағдайда не істеу керек? Мұның мәні оқушыларға саяхаттың келесі бөлігінде түсіндірілді. Құтқарушылар шынайы өрт оқиғасын көрсету арқылы құтқару жұмыстарының қалай өтетінін көрсетті. Оқушылар бірталай тың ақпаратқа қанық болды.

-Өрт болған кезде ең алдымен өрт сөндіру қызметіне хабарласу керек. Содан кейін қауіпсіз жерге шығу керек.
– Мен өрт сөндіру машинасында 8 тонна су болатынын білдім. Бір қызығы судың бұл көлемі не бары бес минутқа ғана жетеді екен.

Ашық есік күні оқушылар үшін өте қызықты өтті. Өздерін толғандырған сұрақтарға жауап іздегендер де кездесті.

Жанна Горбунова,  № 23 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі:
– Бүгін біздің мектептің 4-сынып оқушылары өрттен құтқарушы мамандардың қызметімен танысты. Аталмыш шара тілсіз жаудың алдын алуда өте маңызды деп ойлаймын.

Әспет Әбдірешова