Спорт

Марафоншы Софья Сұлтанованың тағы бір жетістігі

 

 

 

Спортшы әжейдің жүгірумен айналысып жүргеніне биыл 10 жыл толады. Жасы 75- тен асса да Софья Сұлтанова қарттыққа бой алдырмай, салауатты өмір салтын ұстанып жүр. Ол үшін Ресейде өткен «Түнгі Мәскеу» марафоны ерекше. Себебі, жарыс түнде сағат 10 -да басталған.

Софья Сұлтанова, ардагерлер арасындағы жеңіл атлетикадан спорт шебері:
-Мен жүгіруді 2002 жылдан бастадым. Алғашқы жарысым Новосибирск қаласынан басталды. Онда ешқандай дайындығым жоқ еді. Сондықтан, жартылай марафонда жүгірдім. Мен сонда көрсеткен нәтижеме қарап, тәжірибемнің аздау болғанын түсіндім. Кейін күнде дайындалдым. 2003 жылы Омбыда бірінші марафоным болды. Ол тамыз айында жыл сайын өткізіліп тұрады.

6-12 сағаттық марафонда ол 36 километр қашықтыққа жүгіріп, спортшылардың арасында 4 орынға ие болды. Бұл чемпионатқа 50-ге жуық спортшы жиылды. Олардың арасында бесеуі 75 – 79 жас аралығындағы қарттар. Софья Султанова бірінші болып мәре сызығын кесті.

Софья Сұлтанова, ардагерлер арасындағы жеңіл атлетикадан спорт шебері:
-Осы жылдар ішінде мен Ленинград шайқасында қаза тапқандарды еске алу құрметіне арналған «Өмір жолы» атты ең үлкен марафонға қатыстым. Ал, Нью-Йоркта өткен марафонда екі рет болдым. Онда 38 мың спортшы қатысты.

Софья Сұлтанова 31 марафонға қатысқан. Спортшының қоржынына 10 жылдың ішінде 55 медаль түсті.

Софья Сұлтанова, ардагерлер арасындағы жеңіл атлетикадан спорт шебері:
-Мен күнара жүгірем. Әрине ауа райының қолайсыздығына байланысты әр түрлі қашықтықтарды бағындырып отырам. Біздің “Бодрость” құрамасы «Динамо» алаңына жиналып, жүгіреміз. Спорттың бұл түрімен айналысу денсаулық үшін пайдалы.

Софья Сұлтанова алдағы өтетін жарыстардан қалыс қалмақ емес. Денсаулығым болса, әлі де мені биік шыңдардан көресіздер дейді спортшы әжей.

Гүлбану Ахметова