Бизнес және экономика

«Единство» тұрғын үй құрылысына өз үлесін қосады

 

 

Өткен жылы “Единство” ЖШС құрылысқа қажетті 227 млн. теңгенің өнімін шығарған. Биылғы жылдан тапсырыс көлемі әлдеқайда ұлғаяды деген сенімде кәсіпорындағылар. Өйткені ендігі уақытта елімізде құрылыс қарқыны қызбақ. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Үкіметке “Қолжетімді баспана” бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Оның аясында жалға берілетін тұрғын үйлер көптеп бой көтереді. Жылына 1 млн шаршы метр баспананы халық игілігіне тапсыру межеленіп отыр. Ал бұл дегеніміз тапсырыс мол болады деген сөз. Яғни, өндірісті кеңейтіп, өнім көлемін өсіруге зор мүмкіндік тумақ.

Марат Мергенов, “Единство” ЖШС директоры:
-Мемлекет құрылысқа үлкен көңіл бөліп жатыр. Бұл бізді қуантады. Былтыр қиын болды. Тапсырыс аз болды. Биыл тапсырыстар көбейіп жатыр. “Қолжетімді баспана” бағдарламасы іске қосылса мүмкіндік тіпті молаяды.

Тапсырыс болса, тұрақты жұмыс та болады. Өткен жылы “Жұмыспен қамту -2020” бағдарламасы аясында кәсіпорында 5 жас маман біліктіліктерін арттырған. Солардың бірі Олег Пунько. “Жастар тәжірибесі” жобасы бойынша шеберлігін шыңдаған жас маман қазір кәсіпорында тұрақты жұмыс істейді.

Олег Пунько, “Единство” ЖШС механигі:
-Мен “Жұмыспен қамту” бағдарламасы аясында өткен жылы жұмысқа орналастым. Ұжым жақсы. Білікті мамандар тәжірибелерімен бөліседі. Жұмысым өзіме ұнайды. Тапсырыс бар. Сондықтан жұмыс үздіксіз жүреді. Еңбекақымызды да уақытында аламыз.

Биыл тағы 3 жас маман осында біліктіліктерін арттырып жатыр. Жалпы кәсіпорында 80 адам жұмыс жасайды. Олар тынбай еңбектеніп, тапсырысты сапалы әрі уақытында жасауға күш салады. Өткен жылы олар жаңа өнім түрлерін шығаруды қолға алыпты. Мұнымен кәсіпорын ұжымы тоқтамақ емес. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа өнім түрлерін шығаруды көздеп отыр. Әлбетте, алдағы жоспарға Елбасының Жолдауы бағыт-бағдар болмақ.

Айымгүл Әбілева